Оқушылар мектепке дайын

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бес жыл ішінде 125 мыңнан астам балаға қайырымдылық акциясының шарапаты тиген. «Мектепке жол» акциясы кезінде облыстық білім басқармасының, орта оқу орындарының көмегімен 21 балаға киім, білім алуға қажетті құрал сыйға берілді. Басым бөлігі көп балалы отбасының балалары. Арасында аз қамтылған отбасы мүшелері мен облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері бар.

– Акция бойынша бес жыл ішінде 125 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Бұл үшін 978 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған,– деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарыЖәния Исатаева. Бұл жолы Білім күнін асыға күтіп жүрген ұл-қыздардың әрқайсысына 20-30 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Акция тамыздың 1-інен қыркүйектің 30-ына дейінгі аралықта өткізіледі. Қайырымды іске  қаладағы барлық базарлар белсене араласты. Шараны ұйымдастырушы – «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы. Олардың айтуынша, көмек көрсетушілер тарапынан сұраныс көп түскен.

– Бұл жауапты науқан. Білім күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлерге мектеп оқушыларына көмек көрсету туралы өз ұсынысынжеткізген болатын. Бәрі де үлкен жауапкершілікпен іске кірісті. Партияның қалалық филиалы кәсіпкерлердің қолдауымен биыл 80 баланы мектепке дайындады. ­Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны екі есе көп. Бұл мемлекеттегі әл-ауқаты жоғары адамдардың, қайырымды жандардың көбейгенін, елдігіміздің нығайғандығын көрсетеді, – дейді «Нұр Отан» ХДП-ы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин.

Ал базардың балаларға сыйлаған биылға қуанышы ерекше. «Шығыс» сауда үйінің әкімшілігі көп балалы ана, аз қамтылған отбасы санатындағы 15 оқушыны қамқорлыққа алды. Биылғы жылдың ерекшелігі – барлық таңдау балаларда болды. Олар анасымен жүріп, базарды аралады, көңілінен шыққан киім мен оқу құралын алды.

Источник : Газета Айкын
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе
 |  0 82