Ядролық сынақтан қарусыз әлемге дейін


Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар жасаудың халықаралық күніне орай «Ядролық сынақтарға тыйым салудан бастап ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу» деген тақырыпта дөңгелек үстел және суретші Кәріпбек Құюковтың көрмесін өткізді.

«Жиырма екі жыл бұрын Қазақстан өз аумағында Семей ядролық полигонын жабу арқылы әлемдік қауымдастыққа халқының ерік-жігерімен ядролық қарудан өз еркімен бас тартуға болатындығын дәлелдеді», – деді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ғалым Оразбақов. Ал 18 жыл өткенде БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар жасау күні ретінде белгілеуі тегін емес. Елші Қазақстанның ядролық қауіп-қатерден арылу бойынша әрі қарай да әрекеттер жасаудағы ұстанымы берік екендігін атап өтті.

Айрықша тапсырмалар бойынша елші Роман Василенко да Қазақстанның қарусыздану саласындағы тарихына тоқтала отырып, бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңындағы Дегелең тау сілемінде өткен сынақтардан қалған қалдықтарды жою мен перманентті қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың былтыр аяқталуы осы саладағы ынтымақтастықтың айғағы екендігін айтты. «Бұл жобадағы Қазақстан, Ресей, АҚШ-тың үшжақты ұзақ жылдар бойғы ынтымақтастығы – өзара сенім мен түсіністік рухында бірлесе әрекет ету арқылы ғана әлемді қауіпсіз әрі жақсырақ ете алатындығымыздың жарқын көрінісі», – деп мәлімдеді Роман Василенко. 

Тағдырдың жазуымен қолсыз дүниеге келген суретші Кәріпбек Құюков ядролық сынақтардың өзі басынан өткерген трагедиялық салдарларын еске сала отырып, «АТОМ» жобасы аясында әлемдік қауымдастықты ядролық қаруға тыйым салуда шешімді әрекеттерге баруға шақырды. Ол бұл жиынға өзі аузымен, аяғының бармақтарымен салған жеті картинасын ала келіпті. Онда ядролық сынтақтардың сұмдық салдары мен адамзатқа деген махаббат қоса бейнеленген.

Бұл басқосуға ресейлік саясаткерлер, депутаттар, сарапшылар мен ядролық қарусыздану саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар қатысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық деңгейде ядролық қарусыздандыру ісінде сөзсіз көшбасшылық танытқандығының маңызы мен нәтижесіне Ресей мемлекеттік Думасының табиғи ресурстар мен экология комитеті төрағасының орынбасары, «Невада-Жаңа Жер» қозғалысы ұйымдастырушыларының бірі  Максим Шингаркин тоқталды. Ресейлік сарапшы Алексей Власов Қазақстанның ядролық қарусыздануы заманауи мемлекеттік даму бедерін айқындағанын айтты.

Источник : Газета Айкын
Нұржан ЖЕҢІС
 |  0 89