Мәдениеттер үндесуі

Астанада «Мәдениеттер жақын­дасуының халықаралық онжыл­дығын» ұлықтауға байланысты ха­лықаралық форум өтті. Форумның құрметті қонақтары ретінде ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова, БҰҰ өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Н. Әл-Нассер, ТҮРКСОЙ Бас директоры Д. Қасейінов, БҰҰ-ның Білім алу құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы К. Сингх, Латын мәдениет академиясының Бас хатшысы К. Мендес шақырылыпты. 

Сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттары, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының мүшелері, ЮНЕСКО-ның биік деңгейлі тобына кіретін халықаралық ұйымдардың басшылары мен танымал тұлғалар және 30-дан аса мемлекеттің этика және мәде­ниетаралық коммуникация, білім және мәдени мұра жөніндегі сарапшылары, еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Аталмыш жиынды ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстандағы Ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі ИманғалиТасмағамбетов сөз сөйлеп ашты.

Мәдениеттер жақындастығының ха­лықаралық онжылдығы бастамасы елі­міздің сыртқы саясаттағы жаһандық ма­ңызға ие ірі бастамаларының бірі екеніне тоқталған И.Тасмағамбетов форумда айтылған әрбір сөз әлемнің түкпір-түк­піріне тарап, одан әрі өз жалғасын табатынына сенімділік білдірді. Мұндай ауқымды жобаның қазақ жерінде, оның ішінде Астанада өтіп жатқаны қуанышты оқиға екенін атап өтті. «Мәдениеттер жақын­дас­тығының халықаралық онжыл­ды­ғы­ның» Тұжырымдамасы білім беруден бастап, экономикаға дейінгі адам тір­ші­л­ігінің барлық дерлік саласын қамтиды. Бұл тұрғыда алғашқы орындарда қоршаған ортаны қорғау және орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселелері тұр. Осыған орай Қазақстандағы Алакөл қорығын ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік желісіне» қосу туралы шешім қабылданды», – деді И.Тасмағамбетов. Осы арада айта кетелік, халықаралық форум аясында Алакөл қорығына «ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты» арнайы дипломын салтанатты тапсыру рәсімі болды. Аталмыш дипломды ЮНЕСКО-ның бас директоры И. Бокова Қоршаған ортаны қорғау министрі 

Н. Қаппаровқа табыс етті. Форумды өт­кі­зуге мұрындық болған ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова ұлы Абайдың «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Рақымшылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай, «оларға да болса игі еді» демек, бұлар – жүрек ісі!» деген да­на­лық сөздерін келтіре келе, әркімнің бойынан осындай қасиетті көргісі келетінін, әр адамның ісі жүректен шығуы тиістігін айтып өтті. Сондай-ақ, әлемге қазіргіден ана­ғұрлым тиімді саясат керектігін біл­дірді. «Өзіміздің мәдени әралуан­дығымызды, бірегей қасиеттерімізді қорғау үшін бізге бұлтартпай орындалатын міндеттемелер қажет. Мәдениет болса, әрбір адамның бойында жақсы қа­сиеттерді қалыптастырады. Қазір барлық адамдардың диалогқа дайын болуы, бір-біріне төзіммен қарауы, ын­тымақтасуы үшін бұл қасиеттер аса керек. Міне, сондықтан да бұл – «Мәдениеттер жақын­дастығының халықаралық онжыл­ды­ғының» мақсаты болады!», – деді И.Бокова. 2013-2022 жылдар мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжыл­дығы ретінде БҰҰ-ның отырысында бекітілгенін еске салған бас директор Қазақстан осындай жоғары міндетті ой­дағыдай жүзеге асыратынына толық сенетінін мәлімдеді. Ал, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәдениетті дамыту еліміздің басты саясатының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстанның жаһандық бастамалары қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосып отыр. Бүгінгі таңда бүкіл қоғамдастық алдында үлкен міндеттер тұр. Түрлі діни ағымдар арасында қақтығыстар болып жатыр. Сондай-ақ, министр 2010 жылы мәдениеттер жақындасуы туралы бастама көтеріліп, БҰҰ және басқа да алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдар мұны бірауыздан қолдағанын, жаңа қоғамды құру муль­тимәдениет қағидаттарына негізделуі тиіс екенін айтып өтті. Ынтымақтастықты мәдениет саласында ғана дамытып қой­май, ғылым, білім беру салаларында да нығайта беруі қажеттігін білдірді. Бір жылда мәдениеттер жақындасуы процесін аяқтау мүмкін емес, ал он жыл бойында әлемдегі бүкіл мәдениеттер бір-бірімен жақындасса, оларды дүниеге әкелген халықтар да жақындасатынын атап өткен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ЮНЕСКО аясында ұлы Абайдың мерейтойы өткізілгенін еске салды. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдар­ла­масына тоқталды. «Мәдениеттердің диалогы көпғасырлық дәстүрге айналған Қазақстанда мәдениеттердің әралуандығы мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы және жалпыұлттық құндылық болды және болып қала бермек. Сон­дықтан да ол осындай жаһандық жобаға бастамашы болуға әбден құқылы. Оның толеранттылық пен мәдениеттерді, өркениеттерді және діндерді жақын­дастырудағы тәжірибесі – бүкіләлемдік мұраға айналуға тиісті», – деді министр.

Форум аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде толе­ранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасын ашу туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төраға­сының орынбасары, ҚХА хатшылығы­ның меңгерушісі Ералы Тоғжанов шетелдік қо­нақтарды құрылым жұмысымен та­­­ны­с­­тырды. Сондай-ақ, форум қонақтары «Қаз­медиа орталығында» еліміздің даңқты ұлы, былғары қолғап шебері Серік Сә­пиевке «Спорт саласы бойынша ЮНЕСКО-ның ізгі ерік елшісі» құрметті марапатын тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл марапатты бокстан Олимпиада чемпионына ЮНЕСКО бас директоры И.Бокова табыс етті. Халықаралық форумның жабылу салтанатына арналған шарада Астана қаласының әкімі Иманғали Тасма­ғамбетов форум жұмысының нәтижесі ЮНЕСКО онжылдықты өткізудің жаһан­дық стратегиясын дайындауы барысында көрініс табатынына сенім білдірді. Өз кезегінде И. Бокова Астана төрінде аталған халықаралық форумды жоғары деңгейде өткізген Қазақстан тарабына зор риза­шы­лығын жеткізді.


Источник : Газета Дала мен кала
Еркін ДОСЫМБАЙ
 |  0 101

Похожие публикации

Звезды сцены рассказывают о том, как новая столица повлияла на их судьбу
Я всегда добиваюсь в театре ощущения правды
Астана – главный символ обновления и независимости
Три составляющие успеха
Что нужно спортивному клубу «Астана», чтобы стать мировым брендом?