«Ғылым туралы» заңды оқымаған ғалымдар бар

Олар заңмен таныс болмағандықтан, министрлік жобама қаржы бөлмей жатыр деген шағыммен Мемлекет басшысын маңайлауды әдетке айналдырыпты. Ал жоғары оқу орындарын ғылыммен айналысуға құлықсыз ректорлар басқарып отыр. Білім және ғылым министрлігінің кешегі кеңейтілген алқа отырысында осындай әңгіменің куәсі болып қайттық.
Әрине, соңғы жылдары Қазақстан ғылымында жүрген түбегейлі жүйелік өзгерістерді ешкім жоққа шығармайды. «Ғылым туралы» жаңа заң күшіне енгелі бері ғылымды басқару мен ғылымды қар­жыландырудың жаңа тетіктері жүзе­ге аса бастады. Заңда қарастырылған бар­лық құрылымдар, яғни бес ұлттық ғы­лыми кеңес, Ұлттық мемлекеттік ғылы­ми-техникалық сараптама орталығы қа­лыптасты. Ғылыми жобаларға халық­аралық сараптама жүргізіле бастады. Яғни ғылыми жобаны отандық сарап­шылармен қоса, шетелдік ғалымдар да сараптаудан өткізеді. Бұл ғылыми жо­балардың сапасын көтереді деген үміт бар. Міне осылай, сараптаудың нәти­жесінде 6593 жобаның 32 пайызы ғана сараптаудан өтіпті. Халықаралық са­раптаманы өткізу үшін тартылған 2990 ғалымның 1759-ы шетелден шақырыл­ған. 59 елден келген олардың басым бө­лігі Америка мен Батыс Еуропадан екен.
«Осылайша, бүгінде тәуелсіз сарап­тама құрдық деп айтуға болады. Осы сараптаманың негізінде қаржыландыру мәселесі шешілді. Тәуелсіз сараптама жүйесі ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысын сапалы бағалауға мүм­кіндік берді. Сараптама нәтижесі бо­йын­ша 60 жобаға өте жоғары баға беріл­ді. Ал 93 ғылыми жоба мақұлданбады, сон­дықтан оларды қаржыландыру биыл тоқтатылды» деді Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов.
Осы жобалар бойынша өте төмен ұпай алған ғылыми ұйымдар бар. Олар­дың қатарында Алматы энергетика және байланыс университеті, Павлодар мем­лекеттік педагогикалық институты, Қа­зақ егін шаруашылығы институты бар. Өтпей қалған жобаларға қойылатын басты кінә жобаның ғылыми жаңалығы жоқ, тиісті талап бойынша ғылыми мақа­лалар жарияланбаған. Ал енді кейбір жобалар бұған дейін қорғалып қойған жұмыстар. Яғни плагиаттық дүние. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында министрлік плагиатпен күресудің жаңа стандарттарын әзірлеуде. Айтуынша, ол стандарттар ғылыми-зерттеулерді жүзеге асырудың барлық кезеңінде пайдала­нылмақ.
«Гранттық жобаларды орындаған кезде плагиат жүйесі және өзге де көп­теген мәселелер туындайтынын көріп жүрміз. Осындай құбылыспен күрес жүргізу үшін зерттеушілік қызметті эти­калық реттеу стандарттарын әзірлеп жатырмыз. Осы стандарттарды бұзатын барлық жұмыстар тоқтатылады» деген М.Орынханов докторантураны ғылы­ми әлеуеті бар жоғары оқу орындарына ғана орналастыруды ұсынды. Себебі осы жылы докторантураға 500 мемлекеттік тапсырыс болған. Оған 2 мыңнан астам адам құжат тапсырған. Алайда, құжат тапсырғандардың 70 пайызы халық­ара­лық деңгейде жұмыс істеуге қабілетсіз болып шығыпты.
«Біз докторантураны белгілі бір ғы­лыми әлеуеті бар жоғары оқу орындары­на орналастырамыз. Егер ғылыми әлеуеті жеткіліксіз болса, «Болашақ» бағдар­ла­масын пайдалануды ұсынамыз» деді вице-министр.
Орынхановтың баяндамасынан кейін залдан ғылыми жобаларға бөлінетін қаржыға қатысты сауал қойылды. Бір жобаға бөлінген қаржы екінші жобаға бөлінген қаржыдан 10 есе көп болатыны айтылды. Осы тұста сөзге араласқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұлов ғалымдардың көбісінің «Ғылым туралы» заңды оқымағанына қынжылды.
«Ғалымдардың көбісі елдің Прези­дентіне дейін барып, министр қаржы бөлмейді немесе қажетті көлемде бер­мейді деп айтып жатады. Бірақ бұл кісілер «Ғылым туралы» заңды оқымаған. Нақты жобаны қаржыландыруға министрлік­тің еш қатысы жоқ. Біз бұл бағыттағы жұ­мыстарды ғылыми кеңес пен халықара­лық сарапшылардың қарауына берген­біз. Дәл осы кеңес қаржыландыру көлемі мен жұмыс сапасын айқындайды. Осы орай­да ғылыми кеңестердің шешімі заңға сәйкес міндетті болып саналады» деді министр.
 Министрдің айтуынша, ректорлар ғылыммен айналысқысы келмейді. «Со­ның салдарынан олар ғылыми-зерттеу институттарынан алшақтайды. Бұл құ­пия емес» деді ол. Министрдің сөзін орын­­басары Мұрат Орынханов та қуат­тады. Оның айтуынша, ЖОО ректорлары ғылыми кадрларды даярлауда нақты айқындалған саясатты жүргізбей отыр.
Ал өз кезегінде сөз алған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Айтар болсақ, енді ұлттық компаниялар мен квази­мем­ле­кеттік кәсіпорындар ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыруға міндет­теледі. «Квази­мемлекеттік субъектілер үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қар­жыландырудың минималдық үлесі бойынша талаптар бекітіледі. Яғни ква­зимемлекеттік және ұлттық компания­лар бұл бағдарламаларды міндетті түрде қаржыландыруы тиіс» деді вице-ми­нистр.
Оның айтуына қарағанда, зерттеулер­ді қаржыландыруға мемлекет қатыса­тын болса, бизнес ғылымның ұсыныста­рын қарастыруға дайын. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қазіргі уақытта технологиялық бағдарламалар үшін гранттың жаңа түрін енгізуді қа­растыруда екен. Ал оны жүзеге асыру 2014 жылы басталады. Яғни ғылым биз­нестен тәжірибелік полигон мен жаңа қондырғылар алады, ал бизнес өндірісте жұмыс істейтін ғылыммен тұрақты бай­ла­ныста болады. Мемлекет жаңа техно­ло­гиялар мен кадрларға ие болады. Енді осы мүмкіндікті ғалымдарымыз бен ғы­лыми ұйымдарымыз тиімді пайдаланса деңіз.

Источник : Газета Айкын
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
 |  0 94