Жамбыл филармониясында жаңалық көп

Өз жұмысын 4 қыркүйек күні бастайтын өнер ұжымы бұл маусымға сақадай-сай дайын екен. Осы жылы өнер ордасы концерттік бағдарламамен ғана шектеліп қалмай, өзге де жаңа жобалармен қуантпақшы. Мәселен, биылғы маусымда балаларға арналған концерттік бағдарламалар  жаңғыртылады. Бүлдіршіндерге бағытталған бағдарламалар қатарында «Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» секілді қазақ ертегілерінің болуы көңіл қуантпай қоймайды. Өнер ордасы осылайша соңғы кездері елеусіз қалған балалар аудиториясын қамтуға білек сыбана кірісіп кетіпті. Сондай-ақ жас бүлдіршіндерді концертке тарту мақсатында әдемі суреттермен өрнектелген балалар абонементі дайындалған. Мұндай абонемент иелері жыл бойы концертке тегін кіре алады. Үлкендерге арналған дәл осындай бір жылдық абонементтер де бар.

Мекеме басшылары дирижерлер қатарын көбейтуді де қолға алған. Осы жылғы концерттік бағдарламалардың біразына шетел жұртшылығын мойындатып үлгерген жас талант Нұржан Байбосынов пен белгілі дирижер, «Құрмет» орденінің иегері Ренат Салаватов жетекшілік етпекші. 

– Нұржанмен танысқаныма біраз жыл болды. Ол өте талантты, еңбекқор жан. Осы күнде талай елді аралап, сонау Еуропада жеке концертін беріп үлгерді. Атағы Батыс елдеріне тарап үлгерген, талантымен танылған жанның бірі – Алан Бөрібаев болса, екіншісі – Нұржан Байбосынов. Өзі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Мұса Жәлел атындағы татар опера және балет театрында дирижерлік қызмет атқарады. Осындай өнерлі, еңбекқор жанмен бірге істеген ортақ жұмысымыз көпшілік көңілінен шығатынына сенеміз,– дейді өзінің шәкірті жайлы ардагер артист, «Құрмет» орденінің иегері Ренат Салаватов.

  Биылғы жылдың жаңалығы ретінде Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірге Б.Байқадамов атындағы хор капелласы мен дәстүрлі өнердің өкілдері Нүркен Әшіров пен Ерлан Рысқалидың жұмыс істейтінін айтып өткен жөн. Яғни тыңдарман Батыс пен қазақ халқының классикалық туындыларынан бірдей сусындамақ.

– Күннен-күнге филармониямыздың дәрежесі артып, деңгейінің көтеріліп келе жатқаны көңіл қуантпай қоймайды. Біздің ұжымда елге елеулі өнер иелері қызмет етеді. Шетелдің білікті мамандарымен бірге жұмыс істеп жүргенімізге де талай жыл болып қалды. Жалпы, талғамы жоғары тыңдарман концерттік бағдарламаларды таңдағанда, бірінші кезекте дирижерге назар аударады. Ал Ренат Салаватов болса, аты қалыптасқан, нағыз шебер. Оның концерттері елеусіз қалып көрген емес. Жас дирижер Нұржан Байбосыновты да жұрт жақсы таниды. Сол тұрғыдан алғанда, биылғы жыл филармония үшін жемісті болайын деп тұр. Жаңадан шыққан абонементтерімізді де көпшілікке қолжетімді болу үшін бағасын арзандатып отырмыз. Ал жексенбі сайын бүлдіршіндерге арнап екі концерт беріледі. Симфониялық оркестрге ұлттық аспаптар мен хор капелласын қосып, тың дүние жасауға талпынып жатырмыз. Бұл жаңалығымыз өнерсүйер көпшіліктің көңілінен шығуы керек,– дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры Мұхтар Өтеуов.

Мекеме басшысы сонымен қатар Батыс классикасымен қатар, ұлттық классикалық өнерге деген сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Алдағы уақытта бұл сұраныстың екі еселене түсетіні анық. Себебі өздеріңіз көріп отырғандай, жас көрерменді классикалық музыкаға тарту мақсатында біраз шаруалар атқарылып жатыр. Иә, тыңдарман талғамын қалыптастыру үшін жұмысты жастан бастаған жөн-ақ.

Источник : Газета Айкын
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
 |  0 117