– Бұл стандартты нормалар: ол тарифтік және акциздік саясат арқылы іске асырылады, – деді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев. – Яғни аз литражды көліктер үшін анағұрлым жеңілдікті салық белгіленеді, ал ірі, габаритті көліктер үшін керісінше, салық арттырылады. Халықтың үнемді автомобильдерді пайдалануын ынталандыру бағытында тұтас іс-шаралар кешені әзірленуде, бірақ мен алға оза айтып жатқым келмейді. Әрбір мемлекеттік орган осы мақсатқа жету бойынша өзінің іс-шаралар жоспарын түзуде.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жаңалық дамыған елдер тәжірибесі негізінде ендірілетін болады. «Еуропада, кез келген қаласында барлық тұрғындар аз литражды автокөлікпен жүреді, – деді Н.Сауранбаев. – Оларды тұраққа қоюда да ыңғайлы, экология үшін де қолайлы, соның ішінде бензин шығыны да аз. Осыған байланысты, «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасы аясында үнемді, шағын автокөліктер сатып алу ынталандырылады». Жалпы, осындай арнайы бағдарламаны әзірлеуді биылғы қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған екен. Ел тарихында тұңғыш рет қабылданып отырған ұзақмерзімді, кең ауқымды бағдарлама тұтастай алғанда 9 бағытты қамтығалы отыр. Мәселен, Индустрия вице-министрінің айтуынша, өнеркәсіп саласында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда «қуат тиімділігін» міндетті түрде 30 пайызға арттыру бойынша шаралар жүзеге асырылады. Бұл ретте әрбір зауыт-кәсіпорында бір бұйым не өнімді шығаруға кететін электр шығынын азайту бойынша бағдарламалар қабылданатын көрінеді. Сондай-ақ инновациялық энергетикада ел Үкіметі электр қуатын өндіруге жұмсалатын шығысты қазіргіден 14 пайызға кемітпек. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында әрбір көпқабатты үй мен ғимараттардың қуат тиімділігін арттыру бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырылады делінді. Бұл ретте әрбір шаршы метрге шаққандағы қуат тұтыну көлемін 30 пайызға төмендету көзделуде. Осы мақсатта тұрғын үйлер мен ғимарат қабырғасын жылу сақтағыш материалдармен қаптау, сыртқа жылу шығармайтын терезелер салу және басқа да жөндеу жұмыстары жалғастырылады. Келешекте жаңадан іске қосылатын тұрғын үй кешендері мен нысандарға осыған қатысты қатаң талаптар қойылуы ықтимал.
«Құрылыста нормалар мен ережелер қайта қаралып, қатайтылады. 2015 жылдан бастап, Қазақстанда энергиялық тиімді құрылыс қамтамасыз етіледі!» деді Үкімет отырысында бағдарламаны таныстырған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. Бұған қоса, еліміздегі барлық қалалардың көшелерiн жарықтандыратын, ескіден қалған «қызулы шамдар» кезең-кезеңмен, қуатты үнеммен тұтынатын жарық диодты нұсқаларына ауыстырылатын көрінеді. Бұл үшін «қалалар мен елді мекендердегі көшені жарықтандыруды жаңғырту» жоспарлануда. Оның нәтижесінде, «елдегі жарықтандыру секторының электр энергиясын тұтынуы 60 пайызға қысқарады» екен. Бюджеттік секторда да қуат тиімділігін арттыру шаралары қолға алынады. Яғни ел қазынасынан қаржыландырылатын мекемелер 2020 жылға дейін өздері шығындайтын энергиялық ресурстар көлемін 25 пайызға дейін азайтулары тиіс.
Тағы бір жаңалық: елдегі жоғары оқу орындарында «қуат үнемдеу» бойынша арнайы мамандықтар ашылып, оларға түсуге қызығушылық білдірген түлектер үшін мемлекеттік оқу гранттарының көлемі көбейтіледі деседі.«Елдегі қуат тұтыну құрылымына жүргізілген талдау көрсеткеніндей, «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасын жүзеге асырғанда, экономиканың 3 секторына айрықша салмақ салу қажет, бұлар ең алдымен энергетика мен өнеркәсіп: осылар барлық қуат ресурстарының 50 пайыздан астамын тұтынады және олардың қуат шығынын қазіргіден 40 пайызға дейін азайту мүмкіндігі бар. Көлік саласы: тұтынысы 20 пайызға, ал мүмкіндігі 35 пайызға дейін. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік мекемелер: қуат тұтыну үлесі 30 пайызға дейін барады, мүмкіндігі 25 пайызға дейін» деді вице-министр. Бағдарлама аясында 2 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорындар энергиялық аудиттен өтуге міндеттеледі. Бұл ревизияны өткізу үшін биыл бюджеттен 210 миллион теңге жұмсалмақ.
Айтқандай, «Қуат үнемдеу – 2020» бағдарламасы жалпы құны 1 триллион 182 миллиард 214 миллион 144 мың теңге тұратын 78 іс-шараны жүзеге асыруды қарастырады. Нұрлан Сауранбаев Үкімет мүшелеріне осыны хабарлады. Бұл ретте осынша қаржы тасқынының тек шағындау арнасы – 145 миллион 624 мың теңгесі ғана орталық бюджеттен бастау алады екен (осынша соманы бөлуді Республикалық бюджеттік комиссия қолдаған және ол республикалық бюджетте ендігі қарастырылыпты). Ірі көлемін – 9 миллиард 830 миллион 936 мың теңгесін жергілікті бюджеттер бөледі деп белгіленуде. Ал 1 триллион 177 миллиард 153 миллион 52 мың теңге бюджеттен тыс көздерден алынады делінді. Оның арасында Үкіметке тиесілі кәсіпорындар да бар.
Әрине, қарау ниетті, арам қолды шенділер қай істе де көзбояушылыққа орын табады. Оның үстіне қуат үнемдеу ісіне мемлекет миллиардтар жұмсағалы отыр. Сондықтан Үкімет қуат үнемдеу бағдарламаларын жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындардың жүзеге асыруына қоғамдық мониторинг енгізбек ниетте. Рас, сол «халықтық бақылауды» жүргізетін тұлғалардың кімдер арасынан іріктелетіндігі әзірге беймәлім. Үкімет басшысы «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысына жүйелі бақылау орнату қажеттігін атап көрсетті. Осыған орай Серік Ахметов апта сайынғы бақылау ұйымдастыруды тапсырды. Мемлекеттік бағдарламаны қалай жүзеге асырып жатқандары жөнінде биліктің барлық деңгейлері есеп беретін болады.
– Біз Үкіметте есептерді қалай тыңдайтындығымыз жөнінде анықталып, жүйесін белгілейтін шығармыз, – деп нақтылады Премьер. Премьер-министр Астана, Алматы және Ақтөбеде қуат тиімділігі орталықтарын ашу ісінің созылып кеткендігін сынады: «Біз осы үш орталықты биылғы бірінші жартыжылдықта-ақ іске қосуға тиісті едік. Созып жібердіңдер! Жағдайды бақылауға алыңдар!» деді ол Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа қайырылып. Өз кезегінде Қ.Өскенбаев жыл соңына дейін аяқталатындығына сендірді.