Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған аталмыш бағдарлама аясында Қызылорда облысында 22 жоба іске асырыла бастаса, оның 5-еуі Жаңақорған ауданында қолға алынған. Аталған ауқымды шаруалардың нәтижесінде Жаңақорған ауданы аймақта көшбасшылыққа көтерілді. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп өндірісінің өсімі осыдан төрт жыл бұрын 5 млрд 68 млн теңге болса, былтыр 20 млрд 955 млн теңгеге жеткізілді. Ал нақты кезеңде өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 25 млрд теңгеге иек артып тұр деген болжам жасалынып отыр.
Жоғарыда аталған аудандағы іске асырылатын жобалар жөнінде тарқатыңқырай айтсақ, ол былай: алғашқы жоба Республикалық даму картасы бойынша жүзеге асырылатын болса, 5 жоба аймақтық даму картасына еніп отыр. Олардың жалпы құны 33 млрд 982 млн теңгені құрайды. Осыған сай ашылған жұмыс орындары 485-ке жеткізілді. Даму картасынан тыс тағы да 3 жобаның іске асырылуы талаптанушылардың еңбегінің бағаланып жатуының айғағы болса керек. Олардың құны – 14 млрд 295,5 млн теңге. Осындай игілікті істердің нәтижесінде ауданда соңғы үш жыл барысында өндіріс саласына 48 млрд 277 млн теңгеден астам инвестиция салынды. Тиісінше, жаңадан 987 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Бүгінгі нәтиже ертеңгі күннің кепілі бола алмайды, нарықтық қатынастың талабы – өрлеу үстіне өрлеу болуымен қатар, жаңа технологияларды пайдалануды толықтай игеру қажет. Сонда замана талабына сай даму мүмкіндіктері толықтай жүзеге асырылады. Жаңақорған ауданының қазіргі бет-алысы – алдағы үмітті қозғай түсіп, жақсы істердің көкжиегін кеңейте беретіндігімен сенімді.
Алдағы жылдары индустриялы-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында ауданда бірнеше инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарлануда. Осыған сай, оның бастамашыларымен жобаларды нақтылау жұмыстары жүргізілуде. «Шалқия ЦИНК ЛТД» ЖШС – кен байыту фабрикасы және «Сырцемент» ЖШС-ға қарасты қуаты жылына 700 мың тонна цемент өнімін шығаратын зауыт құрылысы іске қосылғанда, индустриялы-инновациялық дамудың жоғарылай түсетіндігі сөзсіз. Осыған қоса, қуаты 50 мВт күн электр стансасы, полиэтилен трубалары зауыты, минералды тыңайтқыш зауыты және басқа жобалар іске асырылады деп күтілуде.
Ауданда өнеркәсіп өнімдері өсімі соңғы бір жылда 181 пайызға жетті. «бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Тату Агро» шаруа қожалығының томат өңдеу зауытын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін құны 331 млн теңге болатын жоба жасалып, аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданды. Бұл жоба тек қана зауыт мәселесін шешіп қоймайды, сонымен бірге, Бесарық, Кеңес және Манап ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз етуді жақсартады. Яғни жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді деген сөз.