Бізде мемлекеттік тілді білмеген тілші өзін мүгедек сезінеді

Осыдан бес жыл бұрын құрылған мемлекеттің  оппозициялық «TBi» каналы да жаңа маусымда көрерменіне оннан астам жаңа бағдарлама ұсынбақ. «Айқын» газетінің тілшісі Украиндағы беделді қоғамдық-саяси арнаның телеканалды дамыту бойынша директорының орынбасары Александр Пивнюктен сұхбат алып, жаңа маусым жайлы жаңалықтарын сұрап-білді.

– Сіздер биліктегі, бизнестегі, әлеумет, ел экономикасындағы шындықты қауымға бүкпесіз жеткіземіз дейсіз. Жабылып қалмай, қалай жан сақтап жүрсіздер?

– Ол рас, өткен жылы бізге мемлекет 5 млн гривен (шамамен 95 млн теңге) айыппұл салып, жауып тастауға дейін барды. Бірақ мына қызықты қараңыз, Украинаның батысы мен шығыс өңірі, оңтүстік, орталықтағы  көрермен қауым айыппұл қаражатын өз қалтасынан шығарып тұрып, телеарнаны қайта ашуға күш салды. Міне, сондықтан біз қоғамдық телеарнамыз деп ауыз толтырып айуға болады. Жан сақтап дегенді орынды айттыңыз. Қазіргі күні қамту аймағымыз қысқарып келеді, оны да мемлекет әдейі істеп отыр. Дегенмен интернеттегі таралым мен рейтингіміз өте жоғары. Сондықтан бізге жарнама берушілердің қатары мол.  Жаңа маусымда тікелей эфир санын арттырып, таңғы бағдарлама, ток-шоу жанрындағы он шақты бағдарламаны халыққа ұсынуды жоспарлап отырмыз.


Нақты қандай жанрдағы бағдарлама ашылмақшы?

– Біздің телеарна  «Сөз тартыс», «Ашық алаң» сынды тек тікелей эфирде таралатын бағдарлама санын арттыруды жоспарлайды. Біз халыққа белгілі бір идеяны, белгілі бір мақсатты, белгілі бір адамды асыра мақтаудан қашамыз. Керісінше, оқиға орнынан хабар, жемқорлықпен ұсталған шенеулік, сот ісі, құқық қорғаушылардың бүгінгі бейнесін, не болмаса халықтың қазынаға ортақ болып жүрген биліктің кей «бағландарын» ашық айтуға тырысып жүрміз. Бірақ бізде тексеріс көп. Бір күн болмаса бір күн, мемлекет тарапынан «әлгіндей» салық қайталануы мүмкін (күледі).


5 млн гривенді тағы төлеуге шама бар ма?

– Жоқ, әрине, сондықтан мен  «телеарна –  саяси емес, бизнес-жоспар болуы керек» деген позицияны ұстанамын. Біздегі әр телеарнаның өз қожайыны бар. Олар халыққа өз мақсатын жеткізіп, қоғамдық пікірді өз мүддесіна сай қалыптастырғысы келеді. Ал біздің телеарнаның билікке айтар бір-ақ тілегі бар: ісімізге араласпаса болғаны, біз әр затты өз атымен айтамыз. Бізге салық төлегенше, өз саласындағы салғырттыққа қарасын, мен телеарнаны ел басқарудың көмекші құралы деп қарауға шақыратын едім. 


Украина телеарналарының тілі – украин тілі екенін елге келгеннен бері анық сезініп жүрмін. Демек, егер тілші мемлекеттік тілді білмеген болса, ондай маманның телеарнадағы орны қандай болады?

– Біздің елде мемлекеттік тілді білмеген тілші өзін мүгедек сезінеді. Өйткені ресми ақпарат көзі, үкіметтік сайттардағы ақпарат, барлық заң, статистика органдары мемлекеттік тілде сөйлейді. Демек,  егер украин тілшісі мемлекеттік тілді білмеген болса, белгілі бір тақырыпты тереңнен талдай алмайтын, «екінші сорттағы маман» деген сөз. Телеарна да солай. 


Сөз бостандығы деген дүниеге қалай қарайсыз?

– Мен Ресейге қарағанда, Украина БАҚ құралдарының сөз бостандығы басым деп білемін. Бізде 30 телеарна бар, бұл – 30 пікір айта алады деген сөз. Күні кеше Ресейдің «Білім» деген телеарнасын көріп отырып, қайран қалғаным бар. Мұндағы идеология мынау: тек орыстың ғылымын мақтау, оны ең мықты деп дәріптеу.  Леонов, Гагаринді күніне жүз рет айтып, алты рет Айға адамды сәтті жіберген Америка туралы жақ ашпайды. Саясаты да солай. Біржақтылық, бір адамдарды асыра мақтау да қалыпты үрдіске айналып барады. Ал Украинаның біз сияқты телеарнасы көрермен деген киеге «бір шындыққа жүз өтірік қосып жеткізуден» басы кетсе де бас тартуға тырысады.

Әңгімеңізге рақмет!


Источник : Газета Айкын
Аида БАРЛЫБЕК, Украина
 |  0 96