– Түркі академиясы Қазақстан тарапынан құрылып, бүгінде толыққанды жұмыс істеп жатыр. Бұл мекеме үш жылға жуық уақыттың ішінде өзінің көптеген ғылыми және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстары, шығарған өнімдері арқылы дүниежүзінің түркологтарына таныла бастады. Ғылыми таныммен, зор талғаммен әзірленген антологиялар мен альманахтар жарық көрді. Бірақ мен соған қарамастан академиямыз әлі де қалыптасу үстінде дер едім.
– Неге соншама ұзақ уақыт қалыптасып жатырмыз өзі?
– Себебі бұл ғылыми мекемені Түркі кеңесіне мүше төрт мемлекет құрды. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзірбайжан. Міне, осы төрт мемлекеттің бірлескен құжаттары сол елдердің басшыларымен келісіледі. Содан соң түркітілдес елдердің ең жоғары жиыны – Түркі кеңесінің саммитінде бекітіледі. Бұған дейінгі саммиттерде осыған бастайтын іргелі қадамдардың бәрі де жасалды. Реті солай. Академияның толық мәртебесі туралы ақтық шешім шығатын күн де алыс емес.
– Түркі академиясының өз топырағында болуына барлық түркітілдес мемлекеттер, әсіресе, оны құрушы елдер мүдделі екені белгілі. Бірақ осындай мәртебелі ғылым ордасын иелену қазақ жеріне бұйырыпты...
– Әрине, мұндай академияның шаңырағын өз топырағында көтеру – әрбір түркітілдес мемлекеттің арманы. Түркітанудың орталығына айналуды қай мемлекет қаламайды дейсіз?! Бірақ осындай бақыт біздің маңдайымызға жазылды. Бұл – біздің Елбасымыздың жоғары беделінің арқасы. Түркі академиясын құру – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Ол ең алдымен 2009 жылы Нахчыванда, кейін Ыстамбұлда осы академияны құру туралы мәселені күн-тәртібіне қойып, Түркі кеңесінде шешім қабылдануына бастамашы болды.
Бұл шешімнің тарихи маңыздылығын былай түсіндіруге болар еді. Біріншіден, мұндай мекеме дүниежүзінде жоқ. Қазір әлемде шамамен қырықтан астам үлкен-кішілі түркі этностары бар. Соның бәрін қосқанда түркілердің жалпы саны 250 миллиондай болып қалар. Ал енді осынша этностардың бары мен жоғын, өткені мен бүгінін, кешегісі мен болашағын сараптап, бір орталықта мәлімет жинап отыратын мекеме әлі күнге дейін болған емес. Түркі мәселесін ғылыми тұрғыдан бір жүйеге келтіретін осындай мекеме құру қажеттігін алдымен түсінген Елбасымыз академияның іргетасын қазақ жерінде қалауға қол жеткізді. Біз бұдан Президентіміздің түркі әлеміндегі көшбасшылық тұлғасының биік екенін көреміз.
– Елбасы академияның алдына қандай міндеттер қойды? Ғылым ордасының басшысы ретінде сіз өзіңіз қандай тапсырмалар алдыңыз?
– 2010 жылы Түркістанда өткен жиында Мемлекет басшысы түрік халықтары жастарының болашақта түркілік тарихты, түркі мәдениетін танып-біліп өсуіне көңіл аударуды міндеттеді. Сонымен қатар барлық түркі жастарының ортақ мұрамыздың рухында тәрбиеленуі керектігі жөнінде тапсырма берді. Осыны кейін Бішкектегі басқосуда да қайталап айтты. Буыны қатқан бұрынғы ұрпақтан гөрі қазіргі жастарға аса мән беру қажеттігін ұғындырды. Сондай-ақ «Латын әліпбиі мәселесін тереңдеп зерттей беріңдер, түбінде осыған көшеміз ғой» деді Елбасы. Бұл міндеттер мен тапсырмалар біздің күнделікті жұмысымыздың басты өзегіне айналып отыр.
– Сонда жастарды мұратану рухында тәрбиелеуді қалай жүзеге асырмақсыздар?
– Барлық жоспарлы жұмыстарымыз осыған негізделген. Оның үстіне біз түркілік тәрбие антологиясын жасадық. Мұнда түркі халықтарының тәрбиелік жүйесі жан-жақты көрініс тапқан. Жалпы, түркі тәрбиесі туралы түсінік, түркі этносының мінездемесі, ерекшелігі, қонақжайлылығы, әдет-ғұрпы, әдеп нормалары, патриотизмі жөнінде толық мәліметтер берілді. Бұл антологияны жыл сайын шығарып тұруды дәстүрге айналдырмақпыз.
– Академияны төрт мемлекет – Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан бірлесіп құрды дедіңіз. Бірақ олардан басқа да түркітілдес елдер бар ғой... Солар сіздердің жұмыстарыңызға қатыса ала ма? Басында түрлі себептермен шет қалып қойған шығар. Қазір академия іргеленіп, көпке танымал бола бастады дегендей... Соны көріп, ой түсіп жатса...
– Бұл мәселе жан-жақты ескерілген. Әртүрлі себептер болғаны рас... Бірақ мына жайтты айта кетейін. Бішкектегі саммитке Түрікменстан Ғылым академиясының президенті арнайы келіп қатысты. Біздің академия туралы құжаттарға қол қойылғанын өз көзімен көріп кетті. Түркі академиясының есігі түркітілдестерге қашанда ашық. Олар кез келген уақытта келіп қосылуына болады. Қол қойылған құжаттар бұған жол ашпаса, кедергі келтіре қоймайды.
– Сонда төрт елден соң бірден бесінші болып қосыла беруге бола ма?
– Бесінші, алтыншы, тіпті жетінші болып қосыла беруге болады. Түркі мемлекеттеріне жол ашық деп айттым ғой. Академияның өзі – түркі халықтарының бірлігін көздейтін мекеме. Бірақ бұл жөнінде жоғары деңгейдегі жиындарда тиісті шешімдер қабылдануға тиіс.
– Ғылыми ортасы мен рухани мұрасы бай өзбек ағайындар академияның жұмысына атсалысып жүр ме? Келешекте олар да құрушы елдер қатарына қосылуы мүмкін бе?
– Өз басым олар да түбінде келіп қосылады деген ойдамын. Неге? Жалпы, түркітану ғылымы саяси мүдде мен мемлекеттік мүддені ғана арқау етпей, ортақ ғылымның өзекті мәселелерін көтеріп отырады. Ал енді ортақ жобаларды дүниежүзінің түркітанушы ғалымдары бірлесіп іске асырып жатқан кезде Өзбекстан қалай тысқары қалмақ? Бұл оларға қаншалықты пайдалы болады? Басқа жақтың ғалымдарының бәрі біздің академия қаржыландырған жобалар бойынша ғылыми еңбек жазу үстінде. Ал бір мемлекет осыған өзі қаржы бөліп, оны бөлек зерттеткенде қандай мағына бар? Бір ғана Өзбекстан ғалымдарының күші әлемнің түркітанушы ғалымдардың ортақ әлеуетіне жете ала ма? Ал жалпы, қазірдің өзінде жекелеген өзбек ғалымдары біздің жобаларымызға қатыса бастады.
– Түрікменстанның түркітанушы ғалымдары ше? Олардың да ортақ ғылыми үдеріске бағыт бұратын кезі бола ма?
– Меніңше, академия жұмысына түрікмендер де түбінде қосылады. Бұл екі мемлекет те қазіргі интеграциялық үдерістерден шет қала бастады. Экономика мәселелерін айтпай-ақ қояйын, мәдени іс-шараларда да бұлар біршама оқшауланып қалды. Ғалымдары бармаса, келмесе, пікір алыспаса, түркітанудың түрлі конференцияларына, басқосуларына қатыспаса, идея қайдан келеді? Ғылым деген тоқырауға ұшырайды ғой. Ол үнемі сусындап отыруы керек. Оған үнемі шөл қандыратын ақпарат беріліп тұрғаны жөн. Ал оны ғалымдар алмаса, томаға-тұйықтыққа тіреледі. Негізі, Өзбекстан мен Түрікменстанның ғалымдары бұл академияның жұмысына қатысуға ықыласты. Тек мұны мемлекет тұрғысынан шешудің тетіктері ғана жұмыс істемей тұр. Ерте ме, кеш пе, ол тетік іске қосылады деген ойдамын.
– Ресей де түркология ғылымы дамыған елдің бірі ғой. Олар қай тұрғыдан атсалысуы мүмкін біздің академияға? Бұл елдің құрамында татарлар, башқұрттар, өзге де бірқатар түркі халықтары бар екені белгілі...
– Бұл мәселе түбінде мемлекеттік деңгейде шешілетін шығар. Бірақ жеке ғалымдардың немесе Ғылыми-Зерттеу институттарының академиямен байланыс жасап, зерттеулер жүргізуіне жол ашық. Ресейде түрколог ғалымдар көп қой. Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Уфа қалаларында тұратын түрколог ғалымдар түркілік үлкен зерттеу жобаларымызға қазірдің өзінде қатысуда. Тіпті Еуропаның, Азия мен Американың белгілі ғалымдары да біздің ғылыми жобаларымыз бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мына мәселені бөліп айтқым келеді. Академия жеке бір саяси мәселелермен айналысуды мақсат етпейді. Бұл – шын мәніндегі ғылыми интеграцияның орталығы, классикалық түркологиялық ғылымның дәстүрін жалғастыратын мекеме.
– Академияны құрған төрт елдің ғалымдары түркологияның қай мәселесіне көбірек ден қояды? Жалпы, қайсысы қай саласына бейімдеу?
– Енді оны біз уақтысында көретін боламыз. Мұның бәрі ғалымдардың біліктілігіне, тақырыпты игергендігіне, ортақ іске қайсысы қандай үлес қосқанына қарай айқындалады.
– Сонда да бұрынғы одақтан бөлінген мемлекеттердің ғалымдары түркітану дегенде көбіне-көп лингвистиканың жалына жармасып айырылмайтыны рас қой... Осыны көп қаузайтынымыз соншалық, кейде «түркология» деген сөз «лингвистика» деген ұғымның баламасы секілді көрініп кетеді....
– Иә, ондай мәселе бар. Біздің кейбір лингвист-түркологтарымыз басқаларды түрколог деп есептемейді. Бұл – кешегі кеңестік дәуір идеологиясының сарыны. Зерттеушілер тілмен ғана айналыса берсе, түркі халықтарының тарихы игерілмесе деген теріс пиғыл жетекші империялық билікке тиімді болған. Ал енді қазір ондай ойдан үзілді-кесілді бас тарту керек.
– Сонымен, қай сала қайсысының қолайына келетін болды?
– Тарихқа Түркияның ғалымдары жетіктеу. Соның айқын дәлелі ретінде олар «Түркілер» дейтін энциклопедиялық жинақ шығарды. Әрқайсысы 800-900 беттен. Барлығы – 20 том. Бұл – тәлімді тәжірибе. Біз осыған орай тарихи мәселелерді жазу барысында Түркия ғалымдары көбірек көмек береді деп ойлаймын. Ал енді тіл ғылымында Қазақстан мен Әзірбайжанның ғалымдары көбірек пайдасын тигізбек. Көне түркі жазба ескерткіштерін тануға Түркия, Қырғызстан және Қазақстан зерттеушілері нақты үлес қоса алады. Бұлардың әдебиеттегі, тарихтағы, қоғамдық пәндердегі ара салмағын өлшеп қойған ешкім жоқ. Бірақ дүниежүзі бойынша сөзі мен зерттеуі салмақты ғалымдар жобаларға қатыса алатыны анық.
– Түркі академиясының жалпы түркілік тарихты жазып шығуға мүмкіндігі бар ма?
– Түркі академиясы халықаралық академия мәртебесін толық иеленген кезде жұмыс жоспарларын төрт мемлекет ғалымдарымен бірлесіп отырып белгілейміз. Бірақ қазірдің өзінде айта беруге болатын бір үлкен мәселе бар. Ол қай мәселе? Түркі халықтарының ортақ тарихын ықшамдап жазып, сонау көне тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі шежірені бір жүйеге түсіріп, жоғары оқу орнындағы студенттерге ұсынғымыз келеді. Мақсат – тарихымыздың бір болғанын таныту. Бірақ өкінішке қарай, күні бүгінге дейін әр мемлекетте қалауынша оқытылып, қалауынша түсіндіріліп, қалауынша бұрмаланып, әртүрлі тарих сияқты болып кеткен. Ал көне дәуірдегі тарих біреу ғой енді... Көне түркілер тарихы, орта ғасырлардағы тарих, мұны қалай созбалап, қалай тартсаң да, негізгі тарих біреу ғана. Соның барлығын бірізге түсіріп, түркі халықтарының ортақ тарихы дейтін пәнді біз түбінде өзіміздің болашақ мамандарымызға оқытатын болсақ, жалпы түркілік тарихты бір әлемдік тарихи үрдістің бір үлкен тармағы, салмақты бір саласы ретінде тануымызға мүмкіндік туады. Сондықтан да академияның негізгі жұмыстарының бірі – болашақта осындай ортақ түркілік тарихты бірізге түсіріп жазып шығу. Және ол бірнеше тілдерде жарық көретін болады.
– Ғылыми мекеме қазір Білім және ғылым министрлігінің қарамағында ғой. Бұл мемлекеттік орган сіздерге қай тұрғыдан көмек көрсетіп жатыр?
– Министрліктің көмегі өте көп, әрине. Академия жұмысының жолға қойылып, жоғары деңгейде жұмыс жүргізуін министр Бақытжан Жұмағұловтың өзі қадағалап отыр. Соның нәтижесінде қазір Түркі академиясының болашақ орналасатын орны айқындалды. Арнайы жер бөлінді. Енді осының қаржылық-экономикалық негіздемесі, болашақ ғимаратының жоспар-жобасы жасалып жатыр. Бұл – осы тікелей министрліктің еңбегі.
– Академияға кәсіби мамандар қайдан келеді? Бұл мәселе қалай шешіледі? Кім шешеді? Оны да министрлік қадағалай ма?
– Түркі академиясының таңертеңнен кешке дейін отырып, күнделікті штатта қызмет істейтін адамдарының саны онша көп болмайды. Бұлар негізінен алғанда үйлестіру жұмыстарымен айналысады. Олар ғылыми жобалар бойынша ғалымдарға тапсырмалар береді. Сол тапсырманың орындалуын қадағалайды. Қолжазбаны сараптамадан өткізеді, оны баспаға дайындайды. Бұлар – негізгі қызметкерлер. Бұған қоса, дүниежүзінің түрлі саладағы түрколог мамандары өз саласы бойынша академияның ғылыми жобаларына қатыса алады. Олардың жобалары қаржыландырылады. Академияның штаттық кестесіне келісімшартпен енгізіледі. Болашақта мынадай бір ойымыз бар. Академия өз тарапынан PhD докторларды даярлаумен айналысуы мүмкін. Бұл жөнінде Бішкекте қол қойылған келісімшартта айтылған. Жас мамандарды жұмысқа тартуды көздеп отырмыз.
Түркі халықтарының парламенттік ассамблеясы бар екенін білесіздер. Ол қысқаша Түрік ПА деп аталады. Осы парламенттік ассамблеясы Түркі академиясымен бірлесіп, түрколог-мамандарды даярлау бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Мақсатымыз – болашақта түркі халықтарының тарихын, мәдениетін, тілін жетік білетін мамандарды бір орталықтан даярлау. Бұл жоба да қазір талқылану үстінде. Алғашқы нұсқасы төрт елдің парламент депутаттарының талқысына түсірілді. Болашақта өзінің нәтижесіне сәйкес бір тоқтамға келетін болады.
– Түркітануға арналған ұйымдастыру шаралары әр жерде әрқилы өтіп жатыр. Іс-шаралардың бірін-бірі қайталайтыны да аңғарылып қалады. Әркім бас-басына би болған заман. Бірі – жиын, екіншісі – халықаралық конференция, үшіншісі – симпозиум ұйымдастырады. Енді осының жайы келешекте қалай болады? Бір орталыққа бағындырылатын шығар?
– Орталықтанады. Онсыз болмайды. Мәселен, көне түркі жазба ескерткіштерімен айналысатын зерттеушілердің басын қосып, руна жазуының проблемалары жөнінде конгресс өткізуге болады. Тіпті екі-үш жылда дүние жүзі түркологтарының құрылтайын өткізіп тұруға да мүмкіндік бар. Осындай алқалы жиындарда алда тұрған маңызды міндеттер шешіліп, жұмыстың қорытындысы шығарылады. Түркология саласындағы аса ауқымды жұмыстарды жоғары деңгейде атқара алатын іргелі ғылыми мекеме бар. Ол –Түркі академиясы.
– Түркі академиясы біреу ғана екені баршаға мәлім. Ал басқа елдерде, мысалы, Түркияның өзінде осыған ұқсас ғылыми орталықтар бар ма?
– Біздің елімізде Тіл білімі институты, Тарих және этнология институты, Әдебиет және өнер институты деген мекемелер бар емес пе?! Дәл сондай институттар Әзірбайжанда да, Қырғызстанда да бар. Түркияда Түрік тілі құрымы, Түрік тарихы құрымы, Ататүрік мәдениет құрымы сияқты толып жатқан мемлекеттік мекемелер құрылған. Оның сыртында толып жатқан қоғамдық ұйымдар да жеткілікті. Бірақ дүниежүзіндегі осы түркітанушы ғалымдардың барлығымен хабарласып, бәріне тапсырма беріп, оның жазған еңбегін қаржыландырып, сөйтіп, бір орталықтан басқаратын және оны бір жүйеге келтіріп жұмыс жасайтын мекеме бұрын-соңды болған жоқ.
– Академия халықаралық болғандықтан әр мемлекеттің өз мүддесі болады. Сол мүдделер ғылыми орталықта қалай тоғыстырылады?
– Әрине, әр мемлекеттің өз ұстанымы, өз ұйғарымы бар. Соның бәрін қамту үшін не істеу керек? Қазақстан осыны күтіп отырмай-ақ алдымен қаржыны бөлді де, академияны құрып жіберді. Сөйтіп, жұмыс басталды да кетті. Мұның бәрі – Елбасының тікелей тапсырмасының арқасында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар. Ал енді осындай үлкен бастама қолға алынған соң, оның айналасындағы ұсақ-түйек мәселелерді жолға қоюға болады. Бізде тәжірибе үстіндеміз, оқу үстіндеміз, үйрену үстіндеміз. Қазірдің өзінде академияны дүниежүзінің түрколог ғалымдары жақсы біледі. Оның құрылғанына жете мән
береді. Қуаттап, қолдайды.
– Бүкіл әлемдегі түркітану орталықтары енді бізге қарап сап түзейді деп сеніммен айта аламыз ба?
– Қазір академия дүниежүзіндегі түркологиялық орталықтарының барлығымен байланыс орнатты деп айта аламын. Бірқатар елдермен келісімшарттар жасастық. Кореяның мәдениет және ғылым қорымен, Мәскеудің Азия және Африка елдері институтымен, Еуропаның, Венгрияның, Германияның ғылыми-түркологиялық орталықтарымен іскерлік байланыс орнаттық. Ал болашақта халықаралық академия ретінде біз өзіміздің бүкіл жұмысымызды солармен тізе қосып отырып жүргізетін боламыз. Жаңа үлгідегі теңдесі жоқ ғылыми мекеме болғандықтан олардың бізге қарап бой түзейтіндей жөні бар.
– Сонда біз өзімізді оларға қалай танытамыз?
– Біз қазір том-том кітаптар, антология мен альманахтар шығарып жатырмыз. Енді осыны Қазақстандағы оқырманға ғана таратсақ, не болар еді? Оны біздің санаулы мамандар ғана оқыр еді. Бұл өнімдерді дүние жүзіндегі барлық түркологиялық мекемелерге, университеттерге, түркология мамандығы бойынша оқитын студенттерге, ғылыми-зерттеу орталықтарына түгел жіберіп жатырмыз. Демек, барлық мемлекеттердегі түркологиялық орталықтарда біздің жазған еңбектеріміз болады. Бұл – ең үлкен жетістігіміз. Еңбектеріміз қазақша, әзірбайжанша, түрікше, қырғызша, орысша шығады. Кітаптың соңына қысқаша мазмұндамасын ағылшын тілінде беруді жолға қойдық. Бұл әдеттегідей шолтаң ете қалатын қысқа түйіндеме емес, кең қамтылған көлемді шолу болмақ.
– Ал ғылыми еңбек тікелей ағылшын тілінде жазылса ше?
– Ағылшын тілінде жазылған зерттеулер болса, тіпті құба-құп. Еуропа, Германия, Франция, Венгрия ғалымдарынан өзінің зерттеулерін, кітаптарын ағылшын тілінде беруді өтініп отырмыз. Ол еңбектер сол тілінде жарияланады. Мақсатымыз – біздің өнімімізді дүниежүзі жақсы тануына жол ашу.
– Сонымен, түркітану енді қай бағытта өрістемек?
– Мен осы жерде бір мәселені айтқым келеді. Кеңестік дәуірде Мәскеуде Түркология комитеті деген құрылым болды. Бакуден «Советская тюркология» деген журнал шығып тұрды. Ілгеріде «Тюркологический сборник», «Тюркологическое исследование» деген ғылыми жинақтар, басылымдар бар еді. Әрине, бұл салада көп жұмыстар атқарылды. Бірақ бір қызығы, зерттеулердің дені тіл мәселелеріне арналатын. Әсіресе, көне дәуірдегі тіл проблемалары салыстырмалы грамматика тұрғысынан қарастырылатын.
– Ал енді осының себебі неде?
– Себебі мұны қазіргі түркі халықтарының тілі ғана емес, тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне қарай бұратын болса, онда бұл үлкен өркениет болып шығар еді. Кешегі кеңес дәуірі түркі халықтарының ондай тұтастықты ұғынуы мен қабылдауына жол бергісі келмеді. Сондықтан да оны тек қана лингвистиканың саласы ретінде қарастырып келді. Ал қазіргі түркологияның негізгі мақсаты басқа. Біріншіден, бұл – кешенді ғылым. Лингвистиканы ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік, гуманитарлық салалардың бәрін тұтас қамтитын ғылым. Екіншіден, ол көне дәуірмен ғана айналыспайды, бүгінгі жағдайды да, түркі халықтарының арасындағы қарым-қатынасты, экономиканы, саяси-мәдени қарым-қатынастарды, бүгінгі түркі халықтарының хал-ахуалын, әлемде болып жатқан түрлі тарихи-мәдени үдерістерден алатын орнын, түркі халықтарының өзара интеграциясын сана сүзгісінен өткізіп отырады.
– Демек, кешегі кеңестік дәуірдегі түркология менен бүгінгі түркологияның арасындағы айырмашылық жер мен көктей дейсіз ғой...
– Әрине. Түркология тоқтаусыз дами беруге тиіс. Бұл – академия алдында тұрған жаңа міндет. Осындай жұмысты ұйымдастыру үшін әдістемелік әдістік, тәсілдік жағынан көптеген мәселелерді шешіп алуымыз керек. Мұның ең басты негізгі тұғырнамасын мен былайша айтар едім. Алдымен жалпы түркі мәдениетін әлемдік өркениет аясында қарастыру керек. Сөйтіп, біз түркі өркениеті деген ұғымды қалыптастырғанымыз жөн. Жүргізіп жатқан арнайы жобамыздың біреуі «Түркі өркениеті» деп аталады.
Түркі халықтарының қай-қайсысы да өз мәдениетіміз бар деп есептейді, тарихымыз бар деп санайды. Дұрыс, бірақ бұл – тұтас жатқан өркениет. Меніңше, қырғыз өркениеті, өзбек өркениеті, әзірбайжан өркениеті, түрік өркениеті дегеннен гөрі түркілік өркениет деген әлдеқайда салмақты.
– Әрі-беріден соң, өркениет ғана емес, өзіңіз қайта-қайта айтып отырған тілдің тарихы да ортақ емес пе?
– Солай ғой. Бір кезде түркі халықтарының кейбірінің тіліндегі, айталық қырғыз тіліндегі көптік жалғау, болмаса қазақ тіліндегі көптік жалғау мәселесіне арналып диссертациялар жазылды. Немесе, әзірбайжан тіліндегі көптік жалғаудың жайы... Қалай болғанда да көптік жалғау ортақ қой. Оны несіне жеке-жеке қарастырамыз? Осының барлығын түркі тілдерінің ерекшеліктері дейтін болсақ, оны салыстырмалы түрде зерттеу қажеттігін сезінудеміз. Бұл да – ғылымның негізгі бір мүмкіндігі.
– Академияның электронды ақпараттық базасы болатын шығар?
– Болғанда қандай. Дүниежүзіндегі барлық зерттеулердің барлығынан хабардар болу үшін түркологиялық ақпаратты электрондық жүйеге орналастырсақ дейміз. Бұл – зерттеулердің біржақты болып кетпеуінен, субъективтілікке ұрынбауынан сақтандыратын бірден-бір жол. Неғұрлым деректерді мол жинау керек. Сонда осы Түркі академиясының толыққанды ақпараттық базасы жасалады. Бұл негізгі жұмыстарымыздың бірі болуға тиісті. Оның ішінде сөздік қоры, терминология, дүниежүзінде шығып жатқан жаңа зерттеулер, түркітанушы ғалымдардың каталогтары, библиобиографиялық, библиографиялық көрсеткіштер болмақ. Түркітанудағы кез келген ғалым алдымен осындай мол деректермен қаруланып алуы керек, сосын барып зерттеуге кіріскені жөн. Бұрынғыдай өзінің қолындағы бар бес-алты материалдарына сүйеніп, неше түрлі жұртта жоқ қорытынды жасай беруді тоқтату керек.
– Сөйтіп, Түркі академиясы қандай ғылыми-әдістемелік ұстанымдарға табан тірейтін болды?
– Біріншіден, түркология кешенді ғылым болуға тиісті. Яғни мұны таза бір саланың ғылымы демей, мысалы, тілдік мәселені зерттегіміз келсе, оны тарихи этнографиялық, археологиялық, мәдениеттік мәліметтермен бекітіп отырумыз керек. Сөйтіп, бір ғана деректен үлкен-үлкен, тау-тау қорытынды жасамай, керісінше, тау-тау материалдардан бұлтарыссыз әдемі қорытындылар жасауға үйренген жөн. Осыны академия зерттеуінің негізгі бір әдістемелік тұғырнамасы ретінде қарастырғымыз келеді. Екіншіден, бұл ғылым салыстырмалы ғылым болуға тиісті. Түркологиядан не жазылса да ол салыстыру арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Бұған дейін тарихымызда, болмаса, әдебиетімізде, мәдениетімізде болған оқиғаны жеке-дара өзінше қарай бермей, міндетті түрде түркі халықтарының тәжірибесімен салыстыра қарастыруымыз керек. Сол кезде бұл мәселенің жалпы шығу тарихы айқындалып, болмысы, табиғаты ашылады. Біз, міне, осындай үрдістерді ұстанатын боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.