«Халтурщиктермен» күресуге бел байладым

– Сіз өте тәуекелшіл адамсыз. Тоқырау жылдарында «Бауыржан-шоуды» құрдыңыз, бизнесте де бақ сынадыңыз. Алматы мен Шымкентте шұжық цехыңыз бар екен. Енді бір емес, бірнеше ауқымды жобаны қола алып отырсыз. Соның бәріне ерік-жігерді қайдан аласыз? Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда кәсіп ашуға қорқатындар көп. Сіз қалай жүрексінбейсіз? 

– «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демеші, тәуекелдік, еңбекқорлық  әке-шешемнен дарыса керек. Олар өте еңбекқор жандар еді. Әкем қойшы болып жүріп, «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» орденін алған. Бұл кезінде нағыз еңбекқор адамдарға ғана берілетін мәртебелі марапаттар еді ғой. Кейін сахнаға жол тартқаным болмаса, мен де ауылдың майлы топырағына аунап өскен баламын. Қой бағу, оны қырқымға апару, Өгем тауға айдап жеткізу маған жүктелетін. Әкей жұмсап жібереді, біз орындаймыз.  Алғырлығымның арқасында шығар, қарбалас тірліктен қолым қалт еткенде ғана, яғни мектепке аптасына бір-ақ рет барсам да, үштік баға алмаппын.

Өмірдің өзі тәуекелден тұрады ғой, тәуекел етпесең алға жылжу тағы жоқ. Кейде көптен толғандырған істің сәті түседі. Сол «сәтімен келген сабақты инеден» айырылып қалуға болмайды. «Бауыржан-шоу» да өз уақытында дүниеге келді. Көрерменнің ықыласына бөленді. Ал мал шаруашылығымен айналысамын деген ой  басыма келген емес. Тек қаланың у-шуынан қажығанда, сәл тыныстау үшін ғана қала сыртынан жер алып, шаруашылық құрдым.  Кейін ол әжептәуір фазендаға айналды. Атам қазақтың «тәуекел түбі –  желқайық«дейтіні рас екен. Қандай да бір істі шын ықыласыңмен бастасаң, Құдайдың өзі қол созатын сияқты.


  Қазақстан эстрада артистерінің одағын құрып жатырсыз.  Әрине, қоғамда бой көтерген кез келген бір құрылым белгілі бір мақсатты көздейді және оған себепкер болатын жағдайлар болады. Сіздерге түрткі болған не?

– Соңғы кездегі әзіл-сықақтан мән кетті. Арзан күлкіге  ерік беріп қойдық. Жалпы, нарықтық экономиканың заңы қатал. Қоғамдық өндірісте тиімділік қаншалықты маңызды болса, шығармашылық туындыға да сапа керек. Ол үшін осы саланың айналасында жүргендердің басын қосып, ортақ одаққа  біріктіру қажет деп санадым. «Бірлік түбі – тірлік» деген ғой. Сондықтан Қазақстан эстрада артистерінің одағы құрылды.

Одақтың қолға алатын шараларының қатарында бүгінгі сатираның сапасын жаңа сатыға көтеру тетіктері бар. Келер жылы сатириктерге  арнап бір жылға жалғасатын байқау өткіземіз. Үздік шығарма авторларына  Оспанхан Әубәкіров, Марат Сақатов, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов атындағы сыйлықтар табыс етіледі. Үздік шығармалар сахнаға жолдама алады.  Ол қойылымдарды жаңадан құрылып жатқан  Қазақ эстрада театры сахналайды. Бұл театрдың ерекшелігі, онда сатираның барлық жанры қамтылады. Театрдың клоунада, пантомима, пародия сияқты бағыттары болады.  Қазақ эстрада театрының мемлекеттік мәртебе алуына күш саламыз.  Себебі  мемлекеттік театрға деген  көзқарас  бізде бөлек. Бір ғана Мәскеуде әзіл-сықақ бағытындағы 26 мемлекеттік театр бар. Біз бұл жағынан құралақанбыз.

Одақ өз мүшелерінің заңдық құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, халық алдындағы ерен еңбегінің еленіп-ескеруіне ықпал етеді. Ол үшін ресми отырыстарымыз бен басқосуларымызда талқылап, әзіл-сықақ театрының мықты артистерін түрлі сыйлыққа ұсынамыз. Мысалы, «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов 15  жылдан бері сахнада қажымай-талмай өнер көрсетіп жүр. Оған халықтың ықыласы ерекше. Бірақ сол дарын иесі атақ-дәрежеден жұрдай. Сонда, оның жазығы не, жекеменшік театрдың жетекшісі болғаны ма?! Халық ешбір театрды меншік түрі мен нысанына қарап бөліп-жарып жатпайды. Ең бастысы, «Шаншардың» қойылымдарына бәрі риза. Олай болса, халыққа көрсетілген ерен еңбек  Үкімет тарапынан да еленуі керек қой. Эстрадада ән айтып жүрген талай шөпжелке қыздар да қайраткер атанып жатыр, олармен салыстырғанда Уәлибектің шыққан шыңы әлдеқайда биік. Егер біз ұсынған артистер абыройлы атаққа, өздеріне лайық сыйлыққа ие болып жатса, ол марапатты көпшіліктің көз алдында тапсырып, мерейін өсіріп қойсақ, біз үшін де зор қуаныш.


– Одаққа мүше тарту ісі қызу жүріп жатқанға ұқсайды. Қазір қатарларыңыз қаншаға жетті?

– Қазақстан бойынша  17 әзіл-сықақ театры бар. Олардың арасында жаңадан құрылғаны, бұрыннан келе жатқандары бар, барлығы бізге мүшелікке өтіп жатыр. Эстрада өнері ортақ, «илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы» болған соң поп, рок, реп жанрларын орындаушы әншілер де қолдау білдіріп жатыр. Алдағы уақытта сатирик жазушылар, драматургтер, скетчші, фельетоншы журналистер де қарап қалмас деп ойлаймыз. 

Одақ – қоғамдық ұйым ғой, оған эстрадаға қатысы бар, кез келген азамат мүше бола алады.  Ал «Одаққа қосылмаймын» дегендер болса, оларға еш зорлық жоқ. Мүшелікке өтіп алып, шығамын дейтіндер кезігіп жатса, оған да жол ашық.  Ал мүшелікке өтіп үлгергендердің қатысуымен алдағы қыркүйек айының 5-6-сында тұсаукесер рәсім мен құрылтай  өткізу жоспарланған. Одақ құрылтайынан бір күн бұрын, яғни қыркүйектің 5-інде Астанадағы «Конгресс-Холда»  әзіл-сықақ кеші өтеді. Бұл кеште елдегі барлық әзіл-сықақ театрлары өнер көрсетеді. 

Ресейдің атақты юморисі, эстрада артисі Евгений Петросянның «Кривое зеркало» театрынан екі актер келіп өнер көрсетеді. Петросянның өзін де көргіміз келген еді. Амал нешік, сырқаттанып қалған екен, келе алмайтын болды. Осы жерде мына бір қуанышпен бөліскім келіп отыр. Алдағы уақытта қазақ юмористері де  «Кривое зеркалода» өнер көрсететін болады. Біз сондай біріккен жоба жасауға келісіп жатырмыз. Қазақстан эстрада одағы Астана күні қарсаңында «Юрмала» іспетті  халықаралық әзіл-сықақ фестивалін өткізеді. Бұл фестивалге шетелдің әзілкештері шақырылады. Мұның барлығы сатириктеріміз бен юмористеріміздің, әзіл-сықақ театрындағы артистердің әлем елдеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасуына, таныс-біліс болуына мүмкіндік береді. Соның өзі бүгінгі сатираның  сапасын көтеруге сеп болады деп ойлаймын. Одақ жанында продюсер орталығы жұмыс істейді. Осы орталық арқылы жас таланттардың бейнеклиптерін өз қаржымызбен жарыққа шығарып, елге танылуына мүмкіндік жасаймыз. Ал қазан айында «Қазақ эстрадасы» атты мәдени-публицистикалық айлық журналымыз қазақ ақпарат айдынына келіп қосылады.


– «Астана-онлайн» атты телеарна да ашып жатыр екенсіздер. Бұл арнаның әйелдер қауымына арналғаны рас па?

– Бұл арна қазірдің өзінде бар. Көрермен аудиториясын негізінен әйелдер құрайтыны да рас. Кейін арна кеңейіп, «Әзіл ТВ» телекомпаниясына айналады деген стратегиялық бағытымыз бар. «Қазақ қызы бұрын қандай еді, бүгін қандай, болашақта қандай болуы керек?»  деген сұраққа жауап іздейтіндігімен арнаның бағдарламасы ерекшеленеді. 

Шыны керек, бүгінгі келіндеріміз 40 күн деген ұғымды ұмытты.  Бұрын аналарымыз келін болып түскен соң 40 күн бойы төркінге аяқ баспайтын. Қазіргілер ертесіне-ақ әке-шешесінің үйіне жетіп барады. Сосын келіншектер дене бітімім бұзылады деп бала санын шектейтінді шығарды.  Енесінің көзінше күйеуінің киімін кір машинаға атып ұратын келіндерде баршылық.  Ер-азаматтың алтын басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де – әйел. Біз соны қыз-келіншектерімізге, қарындастарымызға түсіндіргіміз келеді. Боянудың жөні осы екен деп опа-далапты бетке «бес тонналап» жағатындарға да оның мәдениетін «Астана-онлайн» үйретуді қолға алып жатқан жайы бар. 


– Сіз айтып отырған жобалар мен телеарна ашу ісі қомақты қаржыны қажет етеді.  Құпия болмаса, қаржы көзінің қайдан екенін айтасыз ба? 

– Телеарнаны құрылыс саласында кәсіпкерлікпен айналысатын жолдастарым қаржыландырып жатыр, олардың аты-жөнін әзірге құпия күйінде қалдыра тұрайын. Рас, телеарнада кем дегенде 35-40 адам еңбек етуі керек. Театрдың да шығыны аз болмайды. Бірақ мұның бәрі де елдің игілігі үшін, халыққа сапалы туынды ұсыну үшін жасалып отыр. Аркадий Райкиннің «Сатириком» театры да осылай құрылған, бүгіндері ол театр юмормен қатар  драманы да, трагедияны да қойып жатыр.


– Сіз сұхбаттарыңызда кейінгі әзіл-сықақ театрларына көңіліңіз толмайтынын жиі айтасыз.  Шынымен көңіліңіз толмай ма?

– Қазіргі әзіл-сықақ театрларына  көңілім толмайтыны рас. Себебі  әзіл-сықақ театрларының көбісі концерттік бригада іспетті. Театрдың өз сахнасы болуы керек. Театрдың штаттағы актерлері, редакторы, режиссері, костюм цехы, гримерлік цехы болуы керек, сонда ғана театр деген атауға жауап бере алады. Мысалы, «Бауыржан-шоуды» солай құрдық. Алматыдағы Теміржолшылар сарайын жалға алдық, екі режиссеріміз – Марат Сақатов пен Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек жұмыс істеді. Әр образға арнап киім тігілетін. Әнді де өзіміз айттық, биді де өзіміз биледік. Театр есебінде жұмыс істедік. Біздің  қойылымдарда тіл, дін, парақорлық дейсіз бе – өмірдегі ең өзекті деген мәселенің бәрі кеңінен қамтылды. Күлдіріп отырып жылату да болды, пародия, клоунада да, мюзикл да қойдық. Біздікіндей театр бұрын болған емес.


– Сөйткен «Бауыржан-шоу» тарап кетті ғой...

– Әрбір даму өзінің шығар шыңына жеткен соң онда тұра бермейді ғой. Міндетті түрде қайта құлдилап түсіп, жаңа белестерді бағындыруға көшеді. Өнер де сол секілді – тірі организм. Сондықтан «Бауыржан-шоу» театры өзіне жүктелген миссияны толық орындады, өз биігінен көрінді. Енді сол шыққан биіктен түспеймін деп қасарысып тұрып алудың еш мәні жоқ. Осы себептен, театрдың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдадық. Оның үстіне, анекдоттың, комеди-клаптың деңгейіндегі әзілден аяқ алып жүру мүмкін болмай қалды. Бұл – көрерменнің талғамын төмендететін құбылыс. Эпидемия сияқты ғой. Өзі бір ауру, эпидемия келгенде оның бетін бірден  қайтарып тастау қиынға соғады емес пе? Ондай жағдайда аз да болса артқа шегінуге тура келеді, мен де солай шегініс жасап, күш жинап, «халтурщиктермен» күресуге бел байладым. Ол үшін осы саланың білімді, дипломды актерлерін дайындау керек деген шешім қабылдадым. Сөйтіп, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызына өз ойымды айттым. Ол кісі қолдады. Бүгіндері сол университетте шәкірт тәрбиелеп жатырмын.


– Сіздің көңіліңіз толмайтын әзіл-сықақ театрларында өз шәкірттеріңіз де жүрген жоқ па? 

– Актер тұтас ансамбльдің бір аспабы сияқты ғой.  Әрине, бір актер бар, бірден танымал болып кетеді, ал келесі бір актер партнерімен мықты. Ол актерге орта керек болады. Мысалы Әбунасыр қылықты актер, Әбекеге «Бауыржан-шоу» керек, оның қасында мен ойнауым керек. Мен мұны Әбекенің өзіне де айттым, бір-екі жыл бұрын тым ерте кетіп қалдың деп. Себебі ол өз  театрында, жас актерлердің жанында бұрынғыдай қылықтарын жасағысы келмейді. Сөйтіп, көрінбей қалады.

«Бауыржан-шоуда» жүргенде Алмат, Қуандық, Бақыттармен жақсы ойнады. Олар бірге оқыған. Бір отбасының балалары сияқты болатын. Бір миниатюраның шеті шықса, болды, белгілі сатирик, марқұм Марат Сақатовқа айтамыз, ол жаза қоятын.  Жанатбек қандай тамаша актер, бірақ соңғы кезде біз оны сахнадан актер емес жүргізуші ретінде көп көретін болдық. Әйтпесе, оның актер ретінде берері көп.  Уәлибек сияқты «самородоктар» болады, бұлар тума таланттар ғой, сөйлеу мәнерінің өзі юморға сұранып тұр.

Ал Нұржанға да жақсы партнер керек. «Шаншарда» қандай еді? «Алдараспанда» бұрынғыдай көріне алмай жүр. Мұның бәрін неге айтып отырмын. Мысалы, сіз базардан жақсы ет сатып алғаныңызбен, ол жақсы аспаздың қолына түспесе, дәмді ас жасалмайды. Сол сияқты жақсы актер жақсы партнермен, жақсы театрмен ғана танылады. Енді қыркүйекте өтетін әзіл-сықақ кешінде осы артистердің көпшілігі бұрынғы партнерлерімен өнер көрсетеді.  Менің ендігі ойым – Уәлибек, Жүсіп, Қуандық, Әбунасыр, Нұржан, Ұландарды спектакльде байқап көру. Солардың қатысуымен  Қалтай ағаның, Дулат Исабековтің шығармаларын сахналағым келеді. Сол арқылы  бұл жігіттерді тағы бір қырынан ашып көрсетпекпін. 


– Сізді кірпияз адам деп естідім. Тіпті Өнер университетіндегі шәкірттеріңізден класқа кіргенде аяқкиімді ауыстыруды талап етеді екенсіз...

– Мен шәкірттерімнен сахнаға мешітке барғандай бару керек деген талап қоятыным рас. Студенттерім  даланы басып келген аяқкиімін ауыстырып қана сахнаға шығады. Университеттегі менің класымда барлық жағдай жасалған. Маған берілген класты жақсылап жөндеп алғанмын. Онда грим жасайтын орын, жуынатын бөлме де бар. Кітапхана да жасап қойдым. Онда айтулы ақсақалдарымыздың кітаптары тұр. Өткенде Мәскеуден келгендер мұндай класс  өздерінде жоқтығын мойындап, қызыға тамсанып кетті. Әрине, бізде бәрі таза, әр зат өз орнында. Сахнаның киелі орын екенін студенттерім жақсы біледі, олар аптасына сахнаны екі рет өздері жуып тазалайды. Класымызда өсіп тұрған гүлдер мен ағаштарды да өздері суарады.  Мақтанды демессің, біз университеттегі ең тәрбиелі топ атанып жатырмыз. Мен бұл балалармен екі спектакль әзірледім. Бұйырса, өнерін тамашалайтын күн  де алыс емес. Бәрі талантты балалар.


– Сіздің «Итпен сұхбат», «Балама хат» монологтарыңыз көрерменнің жүрегінен жол тапқан дүниелер еді.  Мынадай қат-қабат шаруамен жүрсіз, қалам ұстауға уақыт табылып жатыр ма?

– Ондай шығармаларым көп. Тіпті өте көп дер едім. Бәрі де болашақта сахнаға шығады.

– Арқаға келем деп мал шаруашылығынан алыстап кеткен жоқсыз ба?

– Жоқ, бұл саладан да кете алмайды екенмін.  Ақмола облысының Қорғалжын ауданынан жер алып, ақбас сиыр өсіретін шаруашылық ұйымдастырып жатырмыз.

– «Тіл-көзім – тасқа» деп қояйын. Аға, келесі сұрағым көңіліңізге тиіп кете ме деп отырмын. Ашуланбаймын деп уәде бере аласыз ба?

– Жарайды.


– «Құдағи, бір партия» атты циклды қойылымдарыңыз елдің бәріне бірдей ұнады деу қиын. Қазақ құдасын Құдайындай сыйлайтын халық. Ал сіз құда мен құдағиды бір-біріне ғашық қылып, ақыры үйлендіріп тындыңыз. Осы қойылымды қоярда сынның астында қаламын деп ойламадыңыз ба?

– Бұл қойылымның өз тарихы бар. Арқалықта Сейіт Кенжеахметовтің 50 жылдығы өтетін болып, бәріміз сонда жиналдық. Тоқсын марқұм да барған. Қырсыққанда, ол аяғын сындырып, сахнаға шыға алмай қалды. Негізінен, біз қоятын интермедияның көпшілігін Тоқсын, Уайс үшеуміз ойнайтын болғанбыз. Тоқсын сахнаға шықпай қалды. Ал Уайс екеумізде  «Ом заңы» деген ғана миниатюра бар екен. Енді қайттік деп қатты састық. «Қазақстан» арнасын басқарған Рафаэль Жұмабаев ағамыз Ұлықпан ағаға ұрсып жүр: «Неге үш-ақ адам әкелгенсің, Құдайберген қайда?» деп. Құдайберген аға жалғыз өзі бір театр еді ғой. Сахнаға шығып алып, монологтарды жібере беретін. Халық бізді күтіп отыр. Содан «Аға, менің бір ойыным бар еді» дедім. Басында «Қоя тұршы» деп мән бермегенімен, шегінерге жол қалмаған соң, амал жоқ сахнаға шығарды. Осылайша «Құдағи, бір партия» алғаш Арқалықта қойылды. Халықтың риза болғаны сондай, сахнаны гүлге көміп жіберді. Рафаэль ағам мені құшақтап мәз. Сол жерде отырған Ғафу Қайырбеков: «Мынадай шедеврді неге сахнаға шығармай жүрсіңдер, Чеховтың юморын көргендей болдым ғой» деп риза болды. Батасын берді. Әрине, бұл нөмерді ұнатпайтындар жоқ емес. Ол үшін юморды түсіне білу керек. Біздің ауылда бір кісі бар, кез келген құсты қарға дейді. Ол үшін аққұтан да – қарға. Аққұтан ғой десең, басың бәлеге қалғаны. «Қайдағы аққұтан, қайдан келіпті аққұтан, қарғаны көргенсің ғой» деп дес бермейді. Сен де қоймайсың ғой дауласып, бірақ жанындағы үлкендер «Мұны жеңе амайсың, қарға екен дей салшы» деп жалынады соңында. Сол сияқты юморды түсіне білуі керек. «Құдағи, бір партиядағы» Қанафи – біздің ауылда мердігер болып жүретін кісінің прототипі. Ішіп алса, ашуланып, «мен енді Рысқұлды бүгін барып топармен грубить етәмән» дей беретін. Оның осы қылығын күн сайын көре берген соң сөз саптасын үйреніп алғанмын ғой. Негізі, мен ол кісіге пародияны алғаш сыныптастарымның арасында жасадым. Олар қыран топан күлкіге қарық болып қалатын. Кейін сахнаға шығып кетті ғой.


– Сіз «Тамашаның тарландары» атанған Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбековтермен бірге өнер көрсеттіңіз. Бұл ағаларымыздың бәрі де бақилық болған. Бүгінде бұл кісілер туралы көп айтыла бермейді. Сұхбат соңында осы ағаларыңыз туралы езу тартқызар естелік айтып беріңізші.

– Біздің бір кемшілігіміз, тірі кезінде мойындалған тұлғаларды қайтыс болған соң іздейміз. Онда да іздеушісі барлар ғана іздейді. Сондықтан біз телеарнамызды пайдаланып өзің атаған ағалардың көзін көргендердің естелігін жазып алуды ойға алғанбыз. Бүгінгі өнер тарландарының да қызықты оқиғаларын өздерінің баяндауында таспаға басып алуды көздеп отырмыз. Себебі актерлерді сахна сыртындағы қызықтарының өзі «Деген екен...» сияқты кітаптарға жүк боларлықтай. «Тамашаның тарландарынан» Мейірман Нұрекеев ағамның бір оқиғасын айтып берейін. Ағамыз Әуезов театрының құрамында Жезқазғанға гастрольге барады. Сонда театрдың басшылары мен үлкен актерлерді бірінші хатшы күтеді, орта буынды бірінші хатшының орынбасары күтеді, ал Мейірман сияқты жас актерлерге комсомол хатшысы тисе керек. Бұл 100 грамға тыйым салынған кез екен. Соған қарамастан, жас актерлер жүз грамнан тартып алудың амалын тапқан ғой. Ертеңіне әлгі комсомолдың хатшысы келіп тұр дейді, сіздерді тапсырма бойынша Жезқазғанның шахталарын көрсетемін деп.

Ойлашы, актерге шахта  не үшін керек? Содан жаман «УАЗ-икке» отырып алып, он шақырым жүрген соң, бір шахтаға барып, әлгі бала шахта тарихын толғай жөнеліпті. Одан шығып, 25 шақырым жүріп, тағы бір шахтаға барады. Ал Мейірман ағаның басы солқылдап әкетіп барады. Содан ағамыз: «Айналайын бала, сендерде қазылмаған жаңа шахта бар ма?» депті. «Бар, аға» депті анау да. «Онда тарт сонда» депті Мейірман аға. Сосын әлгі бала бұл жерден болашақта пәлен тонна көмір қазылады деп бастай бергенде, Мейірман ағамыз: «Әй, айналайын, осы жерді қаз, қаз да бізді көм!» депті ашуға булығып.

Сонда ғана жас хатшы: «Ой, аға кешіріңіз» деп, машинаның жүк салғышын ашып жіберіп, «100 грамын» алып шыққан ғой. Бас жазып алған соң, ағыл-тегіл терлеген ағамыз,  «Ал бала тағы қандай шахталарың бар, тарта бер, енді асықпай шахта аралауға болады» депті.

Міне, біздің Мейірман ағалар комсомол хатшыларын да осылай  зыр жүгірте алған. Ал қазіргі актерлерде ондай қауқар, әй-қайдам, жоқ-ау, шамасы!

– Әңгімеңізге рақмет.


Источник : Газета Айкын
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
 |  0 136