Арнаның сайтында жарияланған ақпаратта «Жаңа маусымда жаңа телешоу, бағдарламалар, кинолар мен телехикаялар, сондай-ақ деректі фильмдердің циклы басталады. Әрі осы уақытқа дейін көрермен көзайымына айналып үлгерген бағдарламаларымыз жаңартылып, жаңаша форматта ұсынылады», – дейді арнаның Бағдарламалар директоры Сандуғаш Рақымжанова.
Уақыт кеңістігінде зымырап, сонау бір өткен жылдардағы ескі әуен ырғағын естігісі келетін көрерменге «Сол бір кеш...» бағдарламасы ұсынылады. Шығармашылық кеште ән авторы мен орындаушысы туындының шығу тарихы және ең алғашқы рет түпнұсқада орындалуы жайлы әңгімелеп береді. Ал «Битва умов» шоуында қатысушылар сұрақтарға қызықты жауап беріп, ақыл мен тапқырлығын сынға салады. Ал отбасымен бірге риясыз күлкіге бөленіп, көңіл күйін көтергісі келетін көрермен әзіл мен қызық оқиғаларға толы, «25-ші шақырым» телехикаясының жалғасын тамашалайды.