Биыл елімізде тұңғыш рет аудандық маңыздағы қалалар, селолық округтер, селолық округтердің құрамына кірмейтін поселкелер мен селолар әкімдерін сайлау өткені белгілі. Сайлау негізінде барлығы 7 миллион 632 мың тұрғыны бар аймақта 2454 әкім таңдалынып алынса, оның екі жүз сексені нәзік жандылар болып табылады. Бұл Қазақстанның ірі саяси оқиғасы өз кезегінде еліміздің гендерлік теңдігінің де біршама көтерілгенін байқатады.
Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында әйелдердің кадрлық нәзік күш-қуатын толық пайдаланатын жаңа уақыт туғанын, әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқаруларға, соның ішінде жергілікті деңгейдегі аймақтарға белсенді түрде араластыру керектігін баса айтып өткен болатын. Бүгінде бұл тапсырмалар 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында көрсетілген 30 пайыздық межеге жету мақсатына сәйкес келіп отыр. Биыл ауыл әкімдерінің құрамын сайлау үдерісі де гендерлік тепе-теңдікке жақындай түскендігімізді көрсетеді. Ресми мәлімет бойынша, сайланған 2 454 әкімнің екіжүз сексені әйел, яғни 11,4 пайызы нәзік жандылардың үлесінде. Бұл көрсеткіш бұрынғы сайлауға қарағанда 32 әйел адамға артық. Атап өтерлігі, биыл әйел әкімдердің саны Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 6 пайызға артқан.