Қанат МУСИН,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының азаматтық-құқық тәртібі кафедрасының доценті, заң ғылымдарының докторы.
Қазақстан Конституциясы азаматтық қоғамды дамытудың басты кепілі саналады. Кез келген елдің қоғамдық өмірде Конституциясы айрықша маңызға ие екені белгілі. Осы құжатты басшылыққа алып, мемлекеттің саяси-экономикалық бағыты айқындалады. Демократиялық құндылықтар мен прогрессивті бағыт негізінде жазылған Конституция мемлекеттің өзге елдермен бәсекелестік жағдайда дамуына жол ашатынын да атауға тиіспіз.
Сондықтан Конституция бірінші кезекте қарапайым азаматтардың еркін, тең құқықты жағдайда өмір сүруін, қоғамның маңызды бағыттары мен мемлекеттің ішкі жағдайын реттеуге бағытталады. Сол себепті дүниежүзінде, кез келген мемлекетте Конституция заңдық және саяси тұрғыдан мәні зор идеологиялық құжат. Әдетте Конституцияда қоғамдық топтарды топтастыру, мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру және азаматтардың құқықтық міндеттемелерін айқындап береді. Қоғамның осындай талап-тілектеріне толықтай жауап беретін Ата Заң маңызды құжат ретінде мемлекеттің даму негізі болатыны сөзсіз. Қазіргі дамыған заманда Конституция жалпы адами құндылықтарды анықтап, қоғамда әлеуметтік теңгермешіліктің салтанат құруына бағытталады. Осының арқасында берік қоғамдық қарым-қатынастар қалыптасатынын байқаймыз.
1995 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде өзінің алғашқы Конституциясын қабылдап, қоғамдық-саяси жүйені демократиялық бағытта дамытуды басшылыққа алғаны баршаға мәлім. Осылайша ел азаматтары бір кісідей референдумға қатысып, өздерінің ой-пікірін ашық білдіргені есімізде. Осы бір жайтты сараптаған кез келген адам мемлекет пен ел азаматтары өздерінің құқықтық міндеттерін референдум арқылы айқындағанын аңғарамыз. Сол кезде қабылданған Ата Заң халық пен билік арасындағы қоғамдық келісім мен табиғи құқықтық ортаны қалыптастыруға бағытталғанын байқау қиын емес. Конституциямыздың бастапқы бабында Қазақстан халқының ерікті құқығы айрықша көрініс тапқан. Бұл ретте Конституцияның түпқазығы халық еркіндігінде жатқанын ескерсек, Ата Заңымызда басты құндылық Қазақстан халқы екенін байқаймыз. Иә, Қазақстан Конституциясында ел азаматтары, яғни, халық саяси-әлеуметтік құбылыс ретінде анық көрініс тапқан. Ата Заңымыз бойынша еліміздегі барлық әлеуметтік топтардың құқығы тең. Сондықтан біздер қандайда бір әлеуметтік топтың өкілі болсақ та Конституция алдында бәріміз бірдейміз. Еліміз қанша жерден көпұлтты мемлекет болса да, мемлекет құраушы қазақ халқы екені Конституцияда тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сондықтан Ата Заңымыз бойынша қазақ тілін құрметтеу өзге ұлт өкілдерінің басты міндеттері болып саналады. Қазақ ұлты мемлекеттің негізі екенін естен шығармаған абзал. Конституция бойынша елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан ешқандай артықшылықтарға ие емес. Конституция алдында барша ел азаматтары тең құқыққа ие. Осы бір жайттан-ақ Қазақстанда биліктің қайнары халық екенін анық аңғарамыз.
Көп жағдайда Конституция халық пен билік арасын жалғастырып тұрған алтын көпірге баланатыны белгілі. Бүгінде біздер қоғамда туындағы өзекті мәселелердің бәрін Ата Заңымызға сүйеніп шешіп келеміз. Мемлекеттің саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік салаларында туындаған мәселелерінің түйінін тарқатуда біздер Конституцияға жүгінетініміз белгілі. Қазақстан халқы ел Конституциясын қалыптастыра отырып, мемлекеттік биліктің негізгі бұтағын, әлеуметтік-экономикалық құрылымын және азаматтардың міндеттерін жүйелейді. Осы бір жайттардан Ата Заңымыздың өзегінде қоғамдық қатынастар, ұйымдар арасындағы байланыс, мемлекеттік билік пен жеке адамның құқығы, адами құндылықтарды қастерлеу жатқанын анық байқауға болады. Қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған Конституциямыз өзге де маңызды заңнамаларды өмірге әкеліп, құқықтық жүйені қалыптастыруға негіз болып келеді. Жалпылама алғанда Конституция қоғамдық өміріміздегі барлық саланы реттеп отыратын барометр. Өйткені еліміздегі өзге заңдардың бәрі өзінің қайнар көзін Ата Заңнан алатынын бәріміз білеміз. Кейбіреулер «кемелденген демократияның» мәселесі Конституцияда көрініс таппаған деп кінә артатынын байқап жүрміз. Олар қоғамдық өмірде Конституция ең жоғарғы заңдық күшке ие құқықтық өлшем екенін түсінбейтін сыңайлы. Азаматтық қоғамды дамытуға күш салған кез келген мемлекет бірінші кезекте құқықтық мемлекет қалыптастырып, азаматтардың тең құқығын қалыптастырады. Демократиясы гүлденген мемлекеттердің бәрі – бірінші кезекте құқықтық мемлекеттің негізін қалап, басты мақсаттарына қол жеткізгенін тарихтан білеміз. Біздер Конституцияның құдіретін мойындау арқылы Қазақстан Республикасының ел аумағында егемендігінің салтанат құруына жол ашамыз. Сондай-ақ, біздер Ата Заңымызға сүйеніп, құқықтық мемлекеттің негізін қалап, биліктің Конституция талаптарын бұлжытпай орындауын талап етеміз. Осы ретте біздер еліміздегі заңдардың шынайы өмірде толықтай жұмыс істеуіне Ата Заңымыз кепіл болатынын ешқашан естен шығармауымыз керек.
Тағы да айта түссек, Конституциямыз қалыптасқан тәртіп бойынша еліміз рәсімдеген халықаралық құқықтық нормалардан қашанда биік тұрып, мемлекеттік мүддемізді сақтауға барынша қызмет ететіні белгілі. Біздер қандайда бір халықаралық құқықтық нормаларды қабылдағанда бірінші кезекте оның Ата Заңымызға қаншалықты сәйкесетінін анықтап барып қана қабылдаймыз. Мұндай терең талдау конституциялық жүйеге бағынған, құқықтық мемлекетке тән қасиет.
Қазақстан Конституциясы заңдық құқығы жоғары құжат ретінде елімізде туындаған кез келген мәселенің саяси-заңдық тұрғыдан оң бағытта шешілуіне мүмкіндік туғызатыны белгілі. Өйткені елімізде қабылданған заңдар мен құқықтық ережелердің бірде-бірі Ата Заңымызға қайшы келмейді. Сондықтан Қазақстан өзін айдай әлемге құқықтық мемлекет ретінде танытып, кез келген түйінді мәселені құқықтық тұрғыдан шешіп келеді.
ТҮЙІН
Ата Заң еліміздегі ең жоғарғы құқықтық құжат екені Қазақстан Конституциясының 4-бап, 2-тармағында анық көрсетілген. Онда жоғарыда айтқандай билік орындары қабылдаған заңдардың Конституциямен толықтай үндесуі керектігі дәл көрсетілген. Орталық және жергілікті жердегі мемлекеттік органдар Конституциядағы көрсетілген құқықтық нормаларды қатаң сақтай отырып, оның ел аумағында салтанат құруына жағдай жасайды.