Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде аралас жекпе-жек айқасы бойынша Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс джиу-джитсу және аралас жекпе-жек айқасы федерациясы мен Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Айта кетелік, маусым айында елімізде ММА және джису-джитсу ресми танылып, тізбеге енгізілген болатын. Яғни, енді турнир жеңімпаздары мемлекет деңгейінде мойындалып, әлемдік айқастарға жол ашылды. Алғаш рет өткізіліп отырған біріншілікте еліміздің барлық өңірлерінен 120 спортшы күш сынасты. Біріншілік қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары А. Шайжүнісов жекпе-жек қай кезде де батылдықтың белгісі болғанын, джиу-джитсу және аралас жекпе-жек айқасы федерациясы Қазақстан мен Еуразия елдерін біріктіретінін атап өтті. Ал, федерация президенті А. Ким елімізде бұған дейін көбіне-көп клубтық және клубаралық деңгейдегі жарыстар өтіп тұрғанын мәлім етті. Қазіргі уақытта әлемдік аренада Қазақстан намысын қорғайтын «Kazahkstan Top TeamMMA» кәсіби клубы құрылған. Олардың қатарына еліміздің ең мықты спортшылары алынбақ. «Спорттың бұл түрі нақты жүйемен жүргізіледі. Әр қала мен облыстардан келген жігіттеріміздің әлеуеті жоғары, мұны біз өз көзімізбен көрдік. Сол себепті күш пен әлеуетті дұрыс бағытта жұмсағымыз келеді. Мұның бәрі де осы үшін жасалынып жатыр, – деді джиу-джитсу және аралас жекпе-жек айқасы федерациясының президенті Анатолий Ким.
Тартысты өткен ел чемпионатында спортшылар жоғары шеберліктерін көрсетті. Жанкүйер қауым нағыз ерлерге тән спорт түрін тамашалады. Біріншілік нәтижесінде 65,8 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақтөбе облысынан келген спортшы Сергей Морозов, 73 келіге дейінгі салмақта қарағандылық Дмитрий Ермолаев, 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тағы бір қарағандылық спортшы Рашид Тугаев, 84 келіге дейінгі салмақта Ақмола облысының намысын қорғаған Кирил Якимович, 93 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтөбелік спортшы Евгений Маншанцев және 93 келіден жоғары салмақта қарағандылық Сергей Зубков ММА чемпионы болып танылды. Сонымен бірге, жарысты ұйымдастырушылардың шешімі бойынша «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлығына Батыс Қазақстан облысының спортшысы Сергей Клещин ие болды. Ел чемпионатының қорытындысына қарап ММА-ден 24-25 қазанда Санкт-Петерборда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшылар анықталмақ.