Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күнінде Алматы облысының өкілі Азамат Мұқанов күміс жүлдені жеңіп алды!
Бұл – қазақ спортындағы жаңа табыс. Бұған дейін қазақ дзюдошылары әлемдік доданың финалына шығып көрген емес. Рио сынына 66 келі салмақ дәрежесінде Азаматпен бірге 2012 жылғы Азия чемпионы Сергей Лим де қатысқан болатын. Шынын айтқанда, Мұқановтан гөрі, осы Лимнің бәсі басым сияқты көрінген-ді. Қазақ дзюдошысы ерекше жігермен күресіп, өзінің бұл табысының кездейсоқ емес екенін дәлелдеді.
Азаматқа жеребе өте қиын түсті. Бірінші кезеңде ол Еуропа чемпионы Әлім Гадановты (Ресей) таза ұтты. Екінші қарсыласы Жоель Ценгті де иппон әдісіне түсірді. Үшінші қарсыласы Колин Ейтсті Азамат бар-жоғы 19 секунд ішінде кілемге қадады. Ширек финалда Азияның вице-чемпионы Масааки Фукуока да қазақ балуанына қайрат көрсете алған жоқ, белдесудің үшінші минутында өзінің таза жеңілгенін мойындады.
Жартылай финалдағы қарсылас күшті еді. 2009 жылғы әлем чемпионы, 2011 жылғы Еуропа чемпионы, Украинаның екі дүркін үздік спортшысы Георгий Зантарая күтіп тұрған-ды. Табиғатынан салқынқанды Азамат сасқан жоқ, оңтайлы сәтте вазари әдісін қолданып, басымдығын белдесу соңына дейін сақтай білді.
Финалда Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Масаси Ебинума (Жапония) тап келді. Азамат 4 минут бойы басым күресті. Төреші жапон дзюдошысына ескерту де берді. Төртінші минутта Азамат Ебинуманы әдіске түсіре алмаса да, қолын бүктеп ұстап, ауырту әдісін қолданды. Жеңіс ауылы жақындап келе жатқандай еді. Алайда тәжірибелі Ебинума Мұқановтың сәл босаңсығанын сәтті пайдаланып, иппон әдісіне түсіріп кетті.
Бәрібір біз үшін бұл күмістің жөні бөлек. Бұл күміс жүлде дзюдо күресіндегі жаңа белестерге жол ашса дейміз.
Жарыстың бірінші күнінің қорытындысы бойынша 60 келіде күрескен Елдос Сметов пен Асқат Тельманов жетінші орын алды. Ленария Мингазова (52 келі) екінші белдесуде Яане Сундбергтен жеңіліп, жарысты аяқтады. Сергей Лим (66 келі) алғашқы қарсыласы Мірзахид Фармоновтан (Өзбекстан) ұтылды.