Биылғы жартыжылдық жұмыстарын қорытындылаған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде осындай келеңсіздіктерді орнына келтірумен қатар, тиісті мерзім аралығында әлеуметтік-экономикалық салада 243 мың заң бұзушылық анықталып, 500 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалғаны турасында да айтылды.
Бейнеконференция арқылы барлық облысты қамтыған жиынға төрағалық еткен Бас Прокурор Асхат Дауылбаев құзырлы органның қызметіндегі жетістіктер мен кедергілерді де атады. Прокурорлар аталған мерзімде елімізде 12 мыңнан астам тексерулер жүргізіп, небір қитұрқы заңсыздықтардың бетін ашқан. Атап айтқанда, өмірдің өзекті саласындағы 243 заңсыздықтың өзі мемлекетке 24 млрд теңге залал келтірген. Қолында билігі бар мемлекеттік мекемелер қабылдаған 25 мың құқықтық актінің заңсыз деп танылуының өзі ел қазынасын қыруар шығынға батырғандығы даусыз. Небәрі алты айдың көлемінде прокурорлардың тікелей қатысуымен 452 қылмыстық іс қозғалып, 37 мың жауапты тұлға жазаға тартылып, 71 млрд теңгені бюджетке қайтару жөнінде талап қойылып отыр.
Қазір арзан жұмыс күшін пайдалану немесе тиісті ақысын төлемей кету де «сәнге» айналды. Елбасының өзі еңбек дауын ушықтырмай, мезгілінде шешу жайында қатаң тапсырса да, кейбір кәсіпорындар бұрынғы әдетінен танбай келеді. Мәселен, жарты жылда 65 мың жұмысшы осындай жағдайға ұшыраған. Ақырында құзыретті мекеменің ықпалы етуінен кейін ғана 4 млрд теңге төленіпті.
Әрине, жұмыс берушінің барлығын қаралауға болмайды, олардың арасында керек десеңіз түрлі тексеруші органдардың өзінен зәбір көріп жүргендері де жетерлік. Оны Бас прокуратура да жоққа шығармайды. Өйткені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнес тірегі» атты жоба ашқанда құқығы бұзылғандығын айтып, 17 мың бизнесмен шағымданыпты, оның 7 мыңы – биылдың еншісінде.
– Қоғамда дүрбелең туғызған күрделі қылмыстық істер де қатаң қадағалану үстінде, – дейді Асхат Дауылбаев. – Жер ресурстары агенттігі мен кеден комитетінің басшыларына байланысты істі толығымен бітірдік.
«Арқанкергендегі» жаппай кісі өліміне қатысты да зерттеу-талдау нәтижесінде кінәлілер жазаланды. Енді «Қорғас ісі» тынымсыз жұмыс пен үлкен күш-жігерді қажет етіп тұр.
Жалпы, соңғы кездері әскери құрылымдардағы түсініксіз әрі жұмбақ істердің белең алуына байланысты болса керек, заңды қадағалаушы орган аталған саланы бүге-шігесіне дейін тексеруге кіріскені байқалады. Қорытындысына қарасаңыз, шошисыз. Қысқа мерзімде-ақ әскери мекемелерде 7 мыңнан астам заң бұзушылық табылып, 4 мың қызметкердің құқығы қорғалған. Мемлекетке келітірілген шығын – 630 млн теңге.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында ана мен баланы қорғауға ерекше назар аударылып, нәтижесінде 120 мыңға жуық жасы кәмелетке толмағандардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліпті. Сонымен бірге прокурорлар 20 мыңдай қылмыстық, 43 мың азаматтық, 96 мың әкімшілікті іске қатысып, сот кезінде заңдылықтың қатаң қадағалануына, жәбірленушілердің құқығының тапталмауына күш салған. Жарты жылдың көлемінде мемлекеттік айыптаумен 10 мың қылмыскер сотталыпты. Өз кезегінде 104 мың қазақстандық прокуратурадан көмек сұрап, оның үштен екісі оңтайлы шешімін тапқан.
Қадағалаушы мекемеге артылған келесі маңызды міндеттің бірі – жемқорлықтың жолын кесу. Қазіргі кезде анықталған деректерге қарағанда, сыбайластықтың қордаланған ордасына мұнай мен теміржол жүйесі де айналып бара жатқанға ұқсайды. Дауылбаевтың мәліметінше, прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға, кен орындарынан мұнайды жаппай ұрлау схемаларын ашуға қол жеткізілді. Ал жер саласындағы алдау-арбау, жымқыру қашаннан бері жалғасып келе жатыр. Жер қатынастары саласындағы мемлекеттің мүддесін қорғау мәселелеріндегі прокурорлардың жұмысы көңіл көншітпейді. Мысалға, Маңғыстау облысындағы туристік кластер, энергетикалық хаб және «Ақтау-Сити» кешенін дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделген жер телімдері жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Бірақ мемлекеттік органдар, соның ішінде прокуратура уақтылы шара қабылдамаған және заң бұзушылықтың жолын кеспеген. Қысқасы, қала салатын жерді қалайша сатып жібергендігі турасында ешкімнің тексеріс жүргізбегендігіне қарағанда, сыбайластықтың сұлбасы «менмұндалайтындай».
Жиналыста сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттырудың маңызды міндеттері де талқыланды, оған көбінесе мемлекеттік сатып алу саласы ұшырайтыны атап көрсетілді. Бас прокуратура облыстардың барлығында дерлік мемлекеттік сатып алу саласына тексеру жүргізудегі айтарлықтай кемшіліктердің бетін ашты. Осыған орай прокуратураның қадағалаушылық әлеуетін соғұрлым толық пайдалану, сыбайлас жемқорлық схемаларын анықтау, жедел-іздестіру іс-шараларына бастамашы болу және олардың нәтижелілігін арттыру мәселелерінде бірізді және принципшіл ұстанымда болу, сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстарды тиісінше тергеу қажеттілігі көрсетілді.
Монополистердің коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерін көтеруге ден қою мәселелерінде де кейбір аймақтық прокуратура органдары өздерінің белсенділігін таныта алмады. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс жолға қою керек. Өйткені әлеуметтік шиеленістің алғышарттарын тудыратындықтан бұл салада әрекетсіздікке немесе сапасыз қадағалауға жол берілмеуі тиіс.
Прокурорлардың есепке алу-тіркеу тәртібі саласында жүргізіп жатқан жұмыстарына қарамастан, қылмыстарды жасырып қалу фактілері әлі де орын алуда. Осыған орай А.Дауылбаев қылмысты жасыруға жағдай жасайтын қызметкерлерге ең қатал шара қолдану қажеттілігін, сондай-ақ өңірлік прокурорлар мен ішкі істер органдары басшыларының жауапкершілігі туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ алқаға қатысушылардың назары ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою саласында, сот актілерінің заңдылығы, соттағы мемлекет мүддесіне өкілдік ету, атқарушылық өндірістің заңдылығына қадағалауды күшейтудің маңыздылығына аударылды.
Еліміздегі сотталғандардың санын төмендету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Бас прокуратураның бастамасымен «Түрме орнына – пробация мен электронды білезік» атты жобаны енгізу жөніндегі алғашқы форум болып өтті. Жаңа құқықтық институттың артықшылықтары айқын көрінуде. Статистика айқындап бергендей жаңа тәсіл қайталанатын қылмыстарды азайтуға мүмкіндік берді. Өйткені арнайы қадағалау тағайындалмағандарға қарағанда, пробациялық бақылаудағы шартты түрде сотталғандар қылмысты алты есе аз жасаған.
Прокуратура органдарының жіті назар аударуын қажет ететін саланың бірі – экология. Өндірістік кәсіпорындар жыл сайын ауаға 3 млн тоннадан астам ластаушы заттарды шығарады, олардың жалпы көлемі шамамен 2,8 млн тоннаны құрайды. Осы ретте бұл эмиссия көлеміне уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты болғандықтан, зиянды заттарды шығаруды тазарту технологиясын жетілдіруге кәсіпорын басшылары мүдделілік танытпайды. Оны тезге салады дейтін прокурорлар да енжар қарап отыр. «Салық кодексі бойынша ластаушы заттардың 16 түрі бойынша ғана төлем мөлшерлемесі белгіленген, ал олардың жалпы саны жеті жүзден асады. Қалыптасқан жағдай ауаның сапасын және өндіріс қалдықтарын басқаруды жетілдіруді қарастыратын Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуі туралы тұжырымдамасына қайшы келеді» деп атап көрсетті А.Дауылбаев. Енді экологияны ластайтындарға қадағалауды күшейтуді, атмосфералық ауа туралы заңнамалардың қолданылу мәселелері бойынша жаппай тексерістер ұйымдастыруды, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бастама көтеруді тапсырды.