Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында болып, астықты аймақтардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында Президент ауыл шаруашылық жерлерімен танысу, өңірдің әлеуметтік нысандарында болу, сондай-ақ облыстың ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесті.
ҚОСТАНАЙДА
Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайда ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерімен болған жиында Қостанайға жыл сайын арнайы келетіндігін атап өтті. «Қостанай облысы жалпы Қазақстан астығының 30 пайызын өндіреді. Бұл жерде өндірістің мықты базасы бар, көлік өндірісі, ірі шикізат кәсіпорындары. Тұтастай алғанда, бұл жердегі жағдайды көңіл толтырарлық деп айтуға болады», – деді Мемлекет Басшысы. Елбасы биылғы жылы елімізде астық өндірісі 16 млн. тонна деңгейінде күтілетіндігін және астық жинау науқаны басты назарда болу керектігін атап айтты.
– Мемлекет бұл үшін елеулі қолдау көрсетуде. Болашақты айтар болсақ, алдағы уақыттарда әлемде азық-түлікке деген сұраныс 50 пайызға дейін артпақ, 2030 жылға қарай жер шарындағы адамзат саны 1 миллиардқа көбейеді. Бізге өңдеу кәсіпорындары ұйымдарын ұйымдастыруды күшейту қажет. Біздің жерімізде не өсірілетін болса, соның барлығы да осы жерде өңделу қажет. Бұл тек астыққа ғана қатысты емес, сонымен қатар мұнай мен кен өндірісіне де қатысты. Өнім өңдеу жолға қойылса, экономикалық көрсеткіштер де жоғарылайды. Қазіргі кезде ауылды жерлерге мемлекеттік қолдау көрсете отырып, біз аграрлық кешенді нарықта бәсекеге қабілетті болуға дайындаудамыз, – деді Елбасы.
Мемлекет Басшысы аграршылармен әңгімелесу барысында қалыптасқан дәстүр бойынша жиын-терін науқанына дайындық барысымен танысып шығу үшін Қостанай облысына келгенін атап өтті.
– Қостанай облысы астығымыздың 30 пайызын, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 10 пайызын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, мұнда қуатты өнеркәсіп базасы, бокситті қоса алғанда, пайдалы қазбаларға бай кен орындары бар, автомобиль жасау саласы дамып келеді. Биыл біз 16 млн. тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Егер Қостанай облысында 4,5 млн. тонна жиналатын болса, бұл жақсы көрсеткіш болмақ. Енді жиын-терін науқанын өткізуге бар күшті салу керек. Мемлекет бұған барлық жағынан көмектесетін болады, – деді. Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық саланың стратегиялық мәні зор болғандықтан мемлекет қолдау көрсетіп келе жатқанына тоқталды.
– Жер шары тұрғындарының өсу қарқынын ескерсек, таяу уақытта азық-түлікке сұраныс та артатын болады. Осы орайда ауыл шаруашылығының рөлі артады. Осыған дайын болу керек. Бүгінгі әлемдік тәжірибе шикізат қолда бар кезде ішкі және сыртқы нарықтарға дайын өнімдерді жеткізу үшін оны толық қайта өңдеу қажеттігін көрсетіп отыр. Сіздердің бәріңіз агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және қаржылық көмек көрсету, тәуекелдерді сақтандыру, ауыл шаруашылық техникалары лизингісі, сондай-ақ салаға жаңа технологияларды енгізуге бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасымен таныссыздар. Мұның бәріне 3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Бұл өте көп шығын. Осы жылдар ішінде біз ауыл шаруашылығына 1,5 трлн. теңге бөлгенімізді де атап өту керек, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан басқа Мемлекет Басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырудың және мал шаруашылығы саласын дамыту аясында мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуының маңыздылығына тағы да назар аударды.
– Тек бір ғана дара дақылды шаруашылықпен, яғни астық егумен айналысуға болмайтынын түсінген жөн. Біз дәнді дақылдың зор экспорттық әлеуеті бар екенін, бірақ сонымен қатар, ауыл шаруашылығының өзге түрлерінің де тиімділігі болатынын түсінеміз. Сондықтан соңғы жылдары әлемнің басқа мемлекеттері сияқты біз мал шаруашылығын дамытуға аса маңыз береміз. Соған сәйкес, жемшөп өндірісін дамыту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, кездесу барысында Мемлекет Басшысы өңірдегі индустриялық бағдарламалар аясында құрылған нысандардың толық жұмыс істеуі қажеттігін атап көрсетті.
– Мысалы, іске қосылған 14 нысан жұмыс істемейді, тиісті қуатының 50 пайыз мөлшерінде ғана жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бар. Біз мемлекет қаражатын не үшін жұмсадық? Бұл осындай мәселелерге жеткіліксіз көңіл аударылатынын білдіреді. Толық жұмыс істемей тұрған өнеркәсіп нысандары сондай-ақ өңірлік бюджетке түсетін салық түсімін азайтады. Сонымен қатар, индустриялық бағдарлама іске асырылған үш жарым жылда облыстың 4 ауданы оған қатыстырылмаған және соған сәйкес индустриялық жобалар енгізілмеген, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағының құрылуы Қостанайды қосқанда, шекара маңындағы облыстарды ынталандырып, тауарлар экспортын ұлғайтуға тиістігін атап өтті. Кездесу барысында Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңдегі міндеттері туралы баяндады.
ҚЫЗЫЛЖАРДА
Бұдан кейін Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары Солтүстік Қазақстан облысында жалғасты. Елбасы Қызылжарға аяқ басқан сәтте жиын-терін жұмыстарының барысымен танысып, агроөнеркәсіп кешені саласы өкілдерімен кездесті. Бүгінде «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын басты бағдар ретінде алған солтүстікқазақстандықтар әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуында оң серпін байқалады. Бүгіндері экспортты әртараптандыруға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға жол ашып отырған ауыл шаруашылығы негізгі табыс көздерінің бірі болып саналады. Облыс тұрғындарының жартысынан көбі ауылдық жерлерде тұратындықтан, бұл саланы үдемелі түрде алға бастырудың әлеуметтік те, экономикалық та маңызы зор. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында елді мекендерге 156 жас маман тартылып, түгелдей көтерме жәрдемақымен қамтылды. Олар тұрғын үйлерді жылдық 0,01 пайыз жеңілдікпен алу құқығына ие. Аграрлық сектордағы жетістіктер, ең алдымен, мемлекеттің аграрлық кешенді қуатты қолдау саясатымен тығыз сабақтас. Осыдан-ақ астық өндірісі облыс экономикасының басты көрсеткішіне айналғанын байқау қиын емес. Оның үстіне әлемдік астық рыногында ұзақ мерзімді сұраныстың арту үрдісі экспортқа бағытталған астық өндірісін дамыту қажеттігін алға тартады. Үстіміздегі жылы өңір диқандары 3,6 миллион гектар алқапқа бітік егін өсіре білді. Егіншілік мәдениетін арттыру және техникалық қайта жарақтандыру бойынша қарқынды шаралар атқарылды. 3,5 миллион гектардан астам жерге дәнді дақылдар өсірудің жаңа ресурсын үнемдеу технологиясы игерілді. 8,7 миллиард теңгеге 658 бірлік осы заманғы техникалар сатып алынды. Әрбір төртінші техника лизинг шартымен әкелінді. Агроқұрылымдарды астық сақтайтын сыйымдылықтармен қамтамасыз ету жайы жан-жақты ойластырылған. Сыйымдылығы 39 мың тонна болатын екі элеватор пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін 150 мың тонналық 8 астық сақтау нысандарын іске қосу жоспарланған.
Алқалы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков егіншілік пен мал шаруашылығына қатысты мәселелерді, субсидиялаудағы өзгерістерді, оның ішінде жергілікті қазына есебінен инвестициялық қаржыландырудың тиімділігін әңгімеледі. Ірі шаруашылық жетекшілері Еркебұлан Мәмбетов, Серік Малаев және Иван Фисенко Отан қамбасына Қызылжардың сапалы астығы құйылатынына сендіре отырып, жан-жақты қолдауы үшін Елбасыға ризашылық сезімдерін жеткізді.
– Мен өз Жолдауларымда ауыл шаруашылық өндірісін арттырып, жаңа сапалық деңгейге көтеру мәселелерін үнемі қозғап келемін. Жаңа технологияларды кеңінен қолдана отырып, егістік түсімін елеулі түрде арттыруға біздің қабілетіміз де, тәжірибеміз де, қаржылық күшіміз де жетеді. Оған сіздердің биыл мол астық өсіріп, елімізді қуантқалы отырған абыройлы еңбектеріңіз дәлел бола алады. Агроөнеркәсіп кешені алдында іргелі міндеттер тұр. Ауыл шаруашылық өндірісін әртараптандыру, монодақылды шаруашылық жүргізу әдісінен бас тарту, өнімдерді қалдықсыз өңдеу, шағын және орта бизнеске басымдық беру дәстүрлерін жалғастыруымыз керек. Бұдан былай да аграрлық сектор айрықша назарда ұсталынады. Біз құрғақшылық жылдары да қалыпты өнім алатындай жағдайға жетуге тиіспіз. Ең бастысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, әр аймақтың ең қажетті өнімдермен өзін-өзі жабдықтауға мүмкіндіктерін талмай қарастырған жөн, – деп Мемлекет Басшысы ойын ортаға орта салды. Өз кезегінде Президент облыста ересен табысқа жету үлгісі ретінде «Зенченко және К» командиттік серіктестігін мысалға келтіріп, өзгелерді үлгі алуға шақырды.
Мал шаруашылығын дамытудың өзекті міндеттерін атап көрсеткен Елбасы ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда ұсталынатынын қадап айтты. Бұл тұрғыдан алғанда да, аймақта тындырылған істер баршылық. Бүгіндері сырттан 48 мың бас ірі қара мал жеткізілген. Фермерлік шаруашылықтар 3,4 мың бас ірі қара төлдерін сатып алған.
Басқосуда Елбасы туған жерді, атамекенді қалай қадірлеу-қастерлеу хақында салиқалы сөз қозғап, жиналғандарға үлкен ой салды. Шынында да, Қазақстанда жер жәннаты саналатын өңірлер көп. Алысқа ұзамайық, Сырымбет қойнауындағы туристік кластердің бір буыны ретінде жұртшылық жиі аялдайтын қасиетті орындардың бірі – Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі. Алыстан мұнартып, көз жауын алатын кешен 1999 жылы салынған. Кесененің ұзындығы 16 метрден асады. Кіреберіс бетте ұзындығы 2 метрлік найзалар шаншылған. Аққайыңдар өлкесі сан алуан ландшафтымен, табиғи қазба байлықтарымен, тамаша тарихымен ерекшеленеді. Адамдар Қызылжар өңірінде алғаш рет палеолит дәуірінде пайда болғанын археологиялық қазбалар да, отандық ғалымдар да нақты айғақтармен дәлелдеп берді. Бүгінде мемлекет қарауына алынған 500-ден астам археологиялық ескерткіштер сол кезеңнің мәдениетінен, тұрмысынан мол мағлұмат береді. Энеолит кезеңіндегі ата-бабаларымыздың өмірін Айыртау ауданында орналасқан археологиялық-тарихи маңызы зор Ботай қонысы да растайды. Ботай – Қазақстандағы ерте дүние аймағының ең көне мекені саналады. Иман-Борлық өзені жағасындағы бағзы замандардағы ежелгі адамдардың өркениеті шетелдік ғалымдардың да назарын өзіне аударып, айдай әлемге ұлттық бренд ретінде танылды. Мұнда әлемде алғашқы болып Солтүстік Қазақстанның орманды даласында, қайыңды алқабында жылқы түлігі қолға үйретіліп, бие сүтінен емге дәру, жанға шипа қымыз ашытылған. Жер қазбалары жылқымен бірге арбаның да қолданылғанын көрсетеді. Сөйтіп, осыдан 5 мың жыл бұрын адамзат өркениетінің өмір сүргені жайлы тұжырым тарихи айналымға енді. Бүгінгі күні туристерді ерекше қызықтыратын кешенді мұражайға айналдыру – келешектің ісі. Оның ашылмай жатқан қырлары мен сырлары көп.
Президент жұмыс сапарының соңында өңірдің басты байлығы – астықты еш шашаусыз Отан қоймасына жеткізу міндетін солтүстікқазақстандық диқандар абыроймен атқаратынына сенім білдірді.