Балқаштың бойы ән мен жыр

Сахарадай сары даласы сан ғасырлық тарихтың сырын жасырған байтақ Балқаш өңірінде үлкен той өтті. Шеті мен шегі жоқ ұлан-ғайыр атыраптың кіндігінде орналасқан Бақанас ауылының, ауыл ғана емес-ау Балқаш бойының тұрғындары абыр да сабыр. Себебі, аудандар мен қалалардың мәдениет күндерін өткізу кезегімен осы өңірге де келіп жетті.

Бұл мереке тек балқаштықтар үшін емес еді. Әжім тауларының ұшар шыңы көне кітап парақтарындай көп дүниені ұғындырып жататын Жаркент өңірі мен жырым-жырым жазықтарының сырлары талай тарихтың тылсым құпиясын бойына бүккен Кербұлақ өңірінің үдере көшкен керуенінің легі де осында келіп, кереге жайып, шаңырақ көтерді.

Тамыздың 23-ші таңы, жұма күні бақ қонып, ырыс ұялап, қыдыр дарыған, күрішті өлке Балқаш топырағында өткен үш бірдей ауданның мәдениет күніне арнайы атбасын бұрған облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков аудан орталығындағы жаңадан соғылып, құрылысы аяқталған он тұрғын үйдің кілтін тапсырғаннан кейін Бақанас ауылындағы «Саз» мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бала өнерінің қалыптасып, таланттардың танылып өсуіне елімізде барлық жағдай жасалып жатқандығын атап өтті. Осыған орай, аудандық «Саз» мектебі жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі мемлекеттік қамқорлықтың нақты көрінісі екеніне тоқталды. Ел құлағын елең еткізіп отырған соны жаңалықтармен аудан тұрғындарын құттықтады. Тынышбай Досымбекұлы мұнан соң қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудандардың мәдениет күнінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, арнайы мерекеге әкелінген аудандардың көрмесін көріп, тамашалады.

Источник : Газета Дала мен кала
«ДмҚ» ақпарат.
 |  0 99