- Қашаннан бері гандболмен айналысып келесің? Бұл спортты таңдауыңа не себеп болды?
– Кішкентайымнан спорттың кез келген түріне бейім болдым. 5 сыныпта оқып жүргенімде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Вера Ивановна Минеева мен Мажит Каримович Юсупов мені гандбол үйірмесіне шақырды. Ол кезде гандболдан ештеңе білмейтінмін. Басында арнайы шақырғандықтан, жауапкершілікпен қатысып, ойнап жүрдім. Жаттығуды құр жібермейтінмін. Кейінірек гандболға жан-тәніммен берілуіме бапкерім де әсер етті. Соған ұқсағым келді, оның ойы, пікір маған өте қызық болатын. Сондықтан, бар мүмкіндігімді салып жаттықтым. Қазір де сол қалпымнан айныған жоқпын.
– Командада сенен басқа гандбол ойнайтын қазақ қызы бар ма? Жалпы, қазақтардың бұл спортқа қызығушылығы қалай?
– Құрбыларымның арасында елімізде ғана емес, шетелде де ел намысын қорғап жүрген гандболшы қазақ қыздары жетерлік. Гандбол спорты біздің елде бокс, күрес тіпті футбол тәрізді танымал емес. Еуропадағы қол добына құмарлар бізден анағұрлым көп. Соған қарамастан, әлем, Азия деңгейінде Қазақстан гандболына оң көзқараспен қарайды.
– Гандбол қиын спорт әрі жарақаты көп болады ғой. Сендерде қалай? Әлде, қыздар гандболы ондай емес пе?
– Жарақат алатынымыз рас. Кейде түсініспеушілік орын алып тұрады, ондай жағдайда тез шешімін табуға тырысамыз. Оның үстіне гандболдың өзіндік тәртіптері, ережелері қалыптасқан, сондықтан келеңсіздікке жол берілмейді.
– Басқа қандай спорт түріне қызығасың?
– Жүзу, баскетбол және үлкен теннис ұнайды. Алда-жалда гандбол болмағанда, үлкен теннисті таңдайтын едім.
– Қай елдің гандболшыларының ойыны ұнайды?
– Оңтүстік Корея мен Швеция спортшыларының ойын өрнегі ұнайды. Олар әдемі ойынмен қатар, үнемі жаңа әдістер көрсетіп отырады.
– Шетелде ойнағың келе ме?
– Әлбетте! Шетелде ойнау тәжірибе жинақтауға септігін тигізеді. Әрі ойыншы ретінде өсіп, дами түсесің.
– Гандболда қандай жетістіктерің бар?
– Әзірге жеке табысқа жете қоймадым. Барлығы командалық жетістік. 2009 жылы Иорданияның астанасы Амманда жастар арасында өткен Азия біріншілігінде ІІІ орынға ие болдық. Қола жүлдеге таласта Таиланд құрамасымен кездескен едік. Сол турнирде жеңістің оңай келмейтінін түсіндім.
– Біздің елдегі ішкі біріншіліктің жағдайы қалай? Клубтар бәсекеге қабілетті ме?
– Жыл өткен сайын ішкі біріншілік дамып, ойындар қызықты болып келеді. Ойыншылардың көбі қазақстандықтар. Көшбасшы гандболшылардың көбі Қазақстан құрамасының негізгі бөлігін құрайды. Алматы, Қызылорда және Астана қаласы клубтарының деңгейі жоғары.
– Кумирің кім?
– Кумирім – бапкерім Вера Ивановна Минеева! Сол кісіге қарап бой түзеймін деп жоғарыда айттым ғой.
– Соңғы Азия чемпионатындағы сәтсіздіктің себебі не? Неліктен чемпиондық атақты қорғай алмадық?
– Құраманың ойынын, оның жеңілу себептерін анықтап айту қолымнан келмейді. Бірге жаттығамыз, бір-бірімізге үйреніп қаламыз. Ал дәл чемпионатқа барарда легионерлер қосылады, сондықтан жеңілістің себебін тауып айту қиын. Команда жыл бойы бір құраммен ойнап, бір бапкер жаттықтырған кездің өзінде ұтылатын болсақ, кінәні өзімізден көре аламыз. Алайда, дәл қазіргі жағдайда жеңілістің себебін анықтау қиын. Ықпал етуші фактор көп.
– Құрлықта қарымды ойын көрсетіп жүргенімен, әлемдік аренада құрама ақсап жатады. Мұның негізгі себептері қандай?
– Шындығында құрама, қазақстандық ойыншылар ақсап жатса мейлі ғой. Көбіне құрамаға лайықты ойыншыларға әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік болмай қалады. Сондықтан, ел намысын қорғау үшін бар күшімізді салып күні-түні жаттығудамыз.
– Жоғары білімің бар ма? Келешекте спортты таңдайсың ба, әлде басқа салаға ауысасың ба?
– Қазір туризм саласында жоғары білім алып жатырмын. Болашақта не болатынын уақыт көрсетеді. Әзірге өмірім гандболмен тығыз байланысты.
– Спортпен айналысып жүріп жастық шақтың қызықтарынан құр қаламын деп ойламайсың ба?
– Керісінше, гандбол жастық шақ қызықтарын толықтыра түседі. Оқушылар жазғы демалысқа шыққанда ата-аналары ауылға жібереді ғой, ал біз болсақ еліміздің ең тамаша, табиғаты әдемі жерлеріне барып жаттығамыз. Ол жақта күні бойы жаттығу жасамаймыз, көптеген қызықты іс-шаралар өткіземіз. Балалық шағым өте қызықты өтті және жастық шағым да гандболдың арқасында қызыққа толы. Туризмге, саяхат жасауға қызығамын, ал гандболдың арқасында талай шетелді араладым.
Әр қыздың арманы – сүйгеніне қосылу, одан бала сүю. Бірақ, әр нәрсе өз уақытымен. Алдағы 5 жылда гандбол мен оқуда ғана жоспарладым. Кейінірек жаратқанымыз өмірлік серігімді кездестіріп жатса, тұрмыс құрудан бас тартпаймын.
– Егер спорт пен отбасылық өмір арасында таңдау тұрса қайсысын таңдар едің?
– (Күліп) Екеуі де маған керек. Дегенмен, гандболмен шұғылданып жүруіме қарсы тұратын жігітпен жанұя құра алмаймын. Гандболды таста деген жігіт – менің таңдауым емес. Онымен болашағым жоқ екеніне сенімдімін.
– Әдетте, спортшылар Олимпиада чемпионы болу секілді белгілі бір мақсат қояды. Қалай ойлайсың Қазақстан құрамасы келесі Олимпиадаға қатыса алады ма?
– Әр спортшының мақсаты – Олимпиада! Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі бір Алланың қолында ғой! Бірақ өткенімізге көз жүгіртсек, қазіргі гандболдағы мүмкіндігіміз әлдеқайда өсті. Құрамадағы легионерлер азайды, жеңілген күннің өзінде де тәжірибе жинадық. Ал бұрын ондай да мүмкіндік болмаған еді. Қазақ жастарын спортқа тарту үрдісі енді басталып жатыр. Басым бөлігіміз қазақстандықтар болғандықтан, Олимпиадаға қатысуға бар күшімізді саламыз. Негізгі қарсыласымызды айту қиын.
Өкінішке қарай, әлемдік деңгейде рейтингіміз төмендеу. Бірақ Азия елдері арасында Оңтүстік Кореядан кейін екінші келе жатырмыз. Тәжірибе көбірек қажет бізге. Еңбек, еңбек тағы да еңбек...
– Спортшылар әдетте 30 жаста «зейнетке» шығады. Одан кейінгі жоспарларың қандай?
– Адам 30 жасында да спортпен айналысуы мүмкін, ол – әр адамның таңдауы. Мен болашағымды спортсыз елестете алмаймын. Егер спортқа мүлдем жарамай қалсам, мүмкін бір құраманың (гандболшылардың) менеджері немесе т.с.с. бір қызметін атқарармын. Алайда, спорттан алыстап кетуім екіталай.
– Әңгімеңе рахмет!
Нұр Астана газеті